Алматы облысында 1000 түйеден құралған керуен әлемдік рекорд орнатты

0

Алматы облысында 1000 түйеден құралған керуен әлемдік рекорд орнатып, Қазақстанның көшпелі мәдениетін әлемге танытты. «Әлемдегі ең үлкен түйе керуені – 2025» шарасы туризм мен ұлттық мұраны насихаттауға жол ашты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2025 жылдың 20 қыркүйегінде Алматы облысы Іле ауданының Күрті ауылдық округінде «Әлемдегі ең үлкен түйе керуені – 2025» атты тарихи мәдени шара өтіп, Қазақстан жаңа әлемдік рекорд орнатты.

Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен және «Даулет-Бекет» шаруашылығының ұйымдастыруымен өткен керуенге 1000 түйе қатысып, арнайы дайындалған 1 шақырымдық жолды жүріп өтті. Бұған дейінгі рекорд 2022 жылы Қытайда 365 түйемен тіркелген болатын. Осылайша Қазақстан бұл жетістікті үш есеге арттырды.

Гиннестің рекордтар кітабының өкілі Ричард Стэннинг керуенді бақылап, рекордтың ресми тіркелу процесін бастады.

Бұл – бүкіл әлемдік қазына ретінде бағалануы тиіс жетістік, – деді ол.

Іс-шара барысында ұлттық киіз үйлер тігіліп, дәстүрлі тағамдар ұсынылды, эстрада жұлдыздарының концерті өтті. Мыңдаған отандық және шетелдік туристер тарихи сәтке куә болды.

«Даулет-Бекет» шаруашылығы түйе шаруашылығын дамытып, қазақстандық шұбатты әлемдік нарыққа шығаруды мақсат етеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл рекорд елдің көшпелі мәдениетін дәріптеп қана қоймай, Алматы облысының туризмін дамытуға серпін береді.


ПІКІР ЖАЗУ