Алматы облысындағы қоқыс полигонындағы өрт толық сөндірілді

0

Алматы облысы, Алатау қаласының Али ауылы маңындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында шыққан өрт толықтай сөндірілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Алматыдан 35 шақырым жерде орналасқан қоқыс полигонында өрт 15 қыркүйек, дүйсенбі күні басталған еді. Төтенше қызметтің мәліметінше, жану ошағы 10 метр тереңдікке дейін жеткен.

Жанып жатқан полигоннан шыққан түтін мен күйе сейсенбі күні Алматыға дейін жеткен. Алайда «Қазгидромет» деректеріне сәйкес, бұл ауа сапасының айтарлықтай нашарлауына әсер етпеген.

Ашық ауада жүруді шектеу жөніндегі нұсқаулық тек облыс тұрғындарына берілген, ал Алматыға қатысты мұндай ұсыныс жасалмаған.

Өртті сөндіруге Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментінің күші мен техникасы, сондай-ақ Алматы, Шымкент қалалары мен Қарағанды, Жамбыл, Түркістан, Абай және Жетісу облыстарының ТЖД бөлімшелері жұмылдырылды.

Бұдан бөлек, №28237, №52859 және №68303 әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері және «Қазселезащита» мемлекеттік мекемесінің мамандары да жұмысқа тартылды.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысындағы тұрмыстық қалдықтар полигонындағы өртті сөндіру жалғасып жатқаны хабарланған болатын. Қатты түтіннің салдарынан Алматы – Талдықорған тас жолы жабылған еді.

Алматы маңындағы ауыл тұрғындары қоқыс полигонынан шыққан түтінге тұншығып отырғаны жайлы да хабарланған болатын.

18 қыркүйекте өртке байланысты Алатау қаласында төтенше жағдай режимі енгізілген болатын.


ПІКІР ЖАЗУ