Құсбегілік рисаласы табылды

0

Бұл рисала Түркістан қаласының тұрғыны Абдухашим Абдусатторовтың жеке мұрағатында сақталған, деп хабарлайды kozhalar.kz

Бұл рисала Түркістан қаласының тұрғыны Абдухашим Абдусатторовтың жеке мұрағатында сақталған. Ол 1977 жылы ескі үйін бұзғанда бірнеше кітап тауып алады. Сол кезден бері өзінің үйінде сақтап келген. 2020 жылдың қараша айының 20 күні кітаптардың мазмұнын анықтау мақсатында Қожа Ахмет Ясауаи университетінің мәтінтанушы мамандарына жүгінген. Аудармашы Рустам Ашимов пен Маман Муминова Зульфия кітаптарды қарап шыққан және кітаптар арасында Науаи өлеңдері топтамасының бірнеше нұсқасы, Муфрадати Сармашқ атты кітап, Хұтбалар жинағы және Ясауидің кейбір хикметтері жазылған парақтар бар екендігін анықтаған. Одан бөлек бірнеше қолжазбаны оқу, нақтылау қиындық тудырғасын бөлек қойған. Реті келіп біз Түркістанға сапарлап келгенімізде сол қолжазбаларды оқытып алды. Ол қолжазбаларда жария зікірдің өкілі әулие Абдулқадыр Жейланиге арналған өлең жолдары, жергілікті имамның қолымен жазылған өлеңдері және көлемді бір қолжазба бар екендігі анықталды. Қарау барысында қолжазбаның Ясауи ізбасарларына тиесілі «Құсбегілік рисаласы» екендігі нақтыланды. Беттің өлшемі 14х24 см, мәтін жазылған аумақ 8х16 см. Қолжазба түптелген, уақыттың өтуіне байланысты жібі сөтілген. Сақталуы орташа. Бастапқы парақтары мен соңғы жағындағы парақтар жоқ. Рисаланың қолжазбасы нөмірленді, электронды көшірмесі жасалды. Қолжазба 1а бетінен басталып, 30б бетімен аяқталады яғни 60 бет. Бұл сақталған парақтары ғана. Әр бетте 15 жол жазу бар, қара сиямен жазылған және арасында қызыл сиямен жазылған сөздер де бар. Мәтін парсы тілінде басталып, парсы тілімен аяқталады, арасында түркі тіліндегі мәтіндер бар. Парсы тіліндегі мәтіндердің ішінде түркі тіліндегі сөздер әсіресе құс аттары тб кездеседі. Арабша аят, хадистер және зікір, дұға сөздері де кездеседі. Бірінші парсы тіліндегі мәтін 1а – 2а беттері аралығында орын алған. Бастапқы беттер жоғалғандығы үшін шығарма орта жолдан басталады. Мысалы, … Әзірет Исрафил жасаған. Егер сенен томаға не дейді? деп сұраса Иа Қадыр! Иа Жаббар! деп айт. Егер сенен биалай не дейді? деп сұраса Иа Һу! Иа Һу! Лә иләһә иллә Һу! деп айт. Бұл мәтін осылайша сұрақтармен жалғасын табады. Одан кейінгі түркі тіліндегі мәтін 2а бетінен басталып, 7б бетімен аяқталады, жиырма баптан тұрады:

Бірінші бап. Қаршығаның белгілері.

Екінші бап. Аңшының (аушының) міндеттері.

Үшінші бап. Құсбегі құсты баптағанда.

Төртінші бап. Құсты бағудағы міндеттер.

Бесінші бап. Құстың табиғатына сай келетін жануарлар.

Алтыншы бап. Ау құстарына сай келетін нәрселер.

Жетінші бап. Құс етін қорыта алмағанда.

Сегізінші бап. Іші желдену ауруы.

Тоғызыншы бап. Кәж шух себебі (ыстық-суықтан пайда болатын дерт).

Оныншы бап. Ақ өлім (сепид марк) баянында.

Он бірінші бап. Шанақ (жанақ, жунақ) дерті.

Он екінші бап. Уди дерті.

Он үшінші бап. Лақуа дерті.

Он төртінші бап. Құс етін қателесіп тасығанда пайда болатын дерт.

Он бесінші бап. Құстың белгісіз ауруы.

Он алтыншы бап. Құс аяғында жарық пайда болса (тілінсе).

Он жетінші бап. Құсты серуендету.

Он сегізінші бап. Құс биттесе.

Он тоғызыншы бап. Құс жаурап қалса.

Жиырмасыншы бап. Құс асқазаны сасығанда.

Келесі бөлім парсы тілінде, 7б бетінен басталады да 14б бетімен аяқталады. Кейбір тақырыптар: Жетінші бөлім; Тұлымтай туралы; Сегізінші бөлім; Аушылық туралы әдеп-тәртіптер және Құсбегінің оған мұқият болуы. Алдыңғы рисала (қануны туюран/құстар заңы) осы бетте аяқталады да жаңа рисала бисмилләмен басталады, демек бұл қолжазбадағы екінші шығарма бар деген сөз. Парсы тіліндегі бұл рисала 14б бетінен басталып 19б бетімен аяқталады. Бұл рисалада Имам Матуриди құстарды сипаттап еңбек жазғандығы айтылады және тұйғын, қырбаз (Қыр Бүркіті) тб тақырыптар бойынша әңгімелер қамтылған. Одан кейінгі рисала 19б бетінен бисмилләмен басталады да соңына дейін яғни 30б бетімен аяқталады. Бұл рисала да парсы тілінде. Арасында түркі сөзі мен сөйлемдері кездеседі. Мысалы, «Түркі ер о дүр аты болғай, иті болғай, құсы болғай, һуші (есі) болғай». Бұл рисала отыз бесінші баппен аяқталады әрі соңғы парақтарының жоқтығы бұл шығарманың жалғасы бар екендігін көрсетеді.

Бірінші бап. Бүркіт белгілері.

Екінші бап. Құсты үйрету.

Үшінші бап. Баптау.

Төртінші бап. Бүркітті сақтау.

Бесінші бап. Бүркітті семірту.

Алтыншы бап. Бүркітті аздыратын құс еттері.

Жетінші бап. Бүркіттің саулығы.

Сегізінші бап. Бүркітке емдіктер.

Тоғызыншы бап. Бүркіттің аурулары.

Оныншы бап. Бүркітті қоректендіріп жатқандағы жағдайлар.

Он бірінші бап. Бүркітті шектен тыс тамақтандыру.

Он екінші бап. Бүркіттің іші желденіп қалса.

Он үшінші бап. Кәж-шух себебі.

Он төртінші бап. Ақөлім себебі.

Он бесінші бап. Бүркіттің тамақты қорытуы.

Он алтыншы бап. Бүркіттің кекіруі.

Он жетінші бап. Бүркіттің қорылдауы.

Он сегізінші. Бүркіттің сирхорасы.

Он тоғызыншы бап. Бүркіттің бағынбай кетуі.

Жиырмасыншы бап. Бүркіттің көкке қарап тұруы.

Жиырма бірінші бап. Бүркіттің ішінің құрттауының себептері.

Жиырма екінші бап. Бүркіттің азып кетуінің себептері.

Жиырма үшінші бап. Бүркіттің тұруы, қанат қаға беруінің себептері.

Жиырма бесінші бап. Бүркіттің арқасының ауыруы және оның емі.

Жиырма алтыншы бап. Бүркіттің аяғының ауыруы.

Жиырма жетінші бап. Бүркіттің аяғының жарылуы.

Жиырма сегізінші бап. Бүркіттің тырнағының ауруы.

Жиырма тоғызыншы бап. Бүркіттің тамағының ауруы.

Отызыншы бап. Бүркіттегі насур ауруы.

Отыз бірінші бап. Бүркіт тарылса.

Отыз екінші бап. Бүркіттің нахира ауруы.

Отыз үшінші бап. Бүркіттің құйрығын теріс қарата беруі.

Отыз төртінші бап. Бүркіттің етінің сыртқа шығуы.

Отыз бесінші бап. Бүркіттің жеуден қалуы.



ПІКІР ЖАЗУ