Қр сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы тағайындалды

0

Бүгін Түркістан облысына Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің генерал-майоры Асхат Жұмағали келіп, облыс активі мен құзырлы орган басшыларымен кездесті. Жиынды Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жүргізіп отырды.

Кездесуде төраға орынбасары жаңадан тағайындалған Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысын таныстырды. Бұл қызметке Өтеев Шаттық Тынымбайұлы тағайындалды.

– Бүгін департаменттің басшысын таныстыру үшін қасиетті қала Түркістанға келіп отырмын. Өте тәжірибелі азамат. Шаттық Тынымбайұлы, жұмысыңызға сәттілік тілеймін. Ел Президенті мен агенттік төрағасы қойып отырған тапсырмалар мен міндеттерді сапалы орындайды деп сенемін, – деді Асхат Жұмағали.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды «Түркістан – киелі жер. Бұл аймақта бәрі таза болуы керек. Халықтың да, біздің де сұранысымыз сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Осы бағытта жоспар құрып, бірлесіп жұмыс істейміз. Қызметіңізге сәттілік тілеймін», деді.

Өтеев Шаттық Тынымбайұлы 1971 жылы Маңғыстау облысында туған. Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Ақтау мемлекеттік университетін бітірген, мамандықтары — «Экономист», «Заңгер». 2022 жылдан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет генерал -майоры. Еңбек жолын 1999 жылы Маңғыстау облысы бойынша Салық полициясы комитеті басқармасында бастаған. 2001 — 2002 жылдары – Маңғыстау облысы бойынша қаржы полициясы департаменті экономикалық қылмыстарды анықтау басқармасының екінші бөлімінің аға инспекторы.

2002 — 2014 жылдары қаржы полициясы органдарында қызмет атқарған. 2014 — 2016 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы болды. 2021-2022 жылдары Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы болып қызмет атқарған.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі


ПІКІР ЖАЗУ