Түркістанда алғаш рет үш тілде пікірсайыс турнирі өтті
Түркістанда «Ұлттық пікірсайыс» республикалық турнирінің мектеп оқушылары арасындағы облыстық кезеңі өтті. Пікірсайыс турнирінде өңір бойынша аудан, қалалардағы білім беру ұйымдарындағы 9-11 сыныптардан 110-нан астам оқушы қатысты. Білім бәсекесінде оқушылар қазақ, орыс, ағылшын лигалары бойынша сайысқа түсті. Турнирдің мақсаты – білім алушылардың шешендік өнері және позитивті, сыни тұрғыдан ойлау дағдыларын қалыптастыру арқылы өзекті мәселелерді көпшілік алдында талқылау.
Дебат алаңында – туған елдің игілігі үшін жастардың шығармашылық және ғылыми әлеуетін іске асыру, қазақ дәстүрлерін сақтау және мәдени мұрасын дамыту тұрғысындағы сұрақтар талқыланды. Жобаны іске асыру – ұлтына, тіліне қарамастан білім, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, балалардың, оның ішінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, ерекше білім беруді қажет ететін балалардың төзімділігін тәрбиелеуге ықпал етеді. Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар I, II, III дәрежедегі дипломдар және сыйлықтармен, үздік спикерлер дипломдармен, сыйлықтармен, барлық қатысушы командалардың жетекшілері алғыс хаттармен марапатталды.
Атап айтқанда, қазақ лигасы бойынша жетісайлық «Айқын» фракциясы І орынды иеленді. Ал сайрамдық «Ақиқат», түркістандық «Хауа ана» мен «Шексіз қозғалыс» фракциялары ІІ орынды, Бәйдібек ауданының және отырарлық «Парасат», ордабасылық «Алтын сапа», қазығұрттық «Парасат» фракциялары ІІІ орынға тұрақтады. Орыс лигасы бойынша Шардара ауданының «Incognito» фракциясы І орын иегері атанса, жетісайлық «Фемида»және бәйдібектік «Шекспир» фракцилары ІІ орынды сондай-ақ, ордабасылық «НЛО» және сайрамдық «Эрудиты» фракция мүшелері ІІІ орын иемденді.
Ағылшын лигасы бойынша Кентау қаласының «Саналы ұрпақ» фракциясы І орынға лайықты екендігін дәлелдеді.
ІІ орынға ордабасылық «Phenix» фракциясы, ІІІ орынға шардаралық «ZaMa» және түркістандық «Swag» фракциялары қол жеткізді. Бұдан бөлек, түлкібастық «Lucky guys» фракциясы «Турнир жаңалығы», саурандық команда
«Үздік спикер» номинациясымен, шардаралық «Аманат» фракциясы «Үздік фракция» және созақтық «Ұлағат» фракциясы «Турнир жұлдызы» номинацияларымен марапатталды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі