Қайрат Нұртастың әкесі Президентке үндеу жолдады

0

Әлеуметтік желідегі парақшасында танымал әнші Қайрат Нұртастың әкесі Нұртас Айдарбеков Президент Тоқаевқа үндеу жолдап, еліміздегі әуе компанияларына деген ренішін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, менің сізге қоятын сауалым бар. Қазақстандағы әуе компаниялары біздің еліміздің заңдарына бағына ма әлде ешкімге тәуелсіз, ешкімнің алдында жауап бермейтін компаниялар ма? Осы жайлы білгім келеді. Бұл сауалды қойып отырған себебім: мен ұшақ қызметін көп пайдаланамын. Тамыздың 10-нан 11-не қараған түні 01 сағат 50 минут кеткенде Астанадан Алматыға ұшатын «Эйр Астана» компаниясының ұшағы таңғы 5-тен кете орнынан әрең қозғалды. Осынша уақыт бойы әуежайдың ішінде күткен халыққа әуе компанияның атынан бір де бір адам шығып, мән-жайды түсіндірмеді, кешірім сұрамады. Бұл қалай? Өз басым Астанадан Алматыға келіп, өзге ұшаққа отырып, әрі қарай басқа жаққа жолға шығуым керек еді. Ол ұшаққа, әрине, кешіктім. Осындай бассыздыққа кім жауап береді? Сонда бұлардың Сіздің тапсырмаларыңызды орындамағаны ма?» – деді үндеуінде Нұртас Айдарбеков.

Жолаушының әлеуметтік желідегі наразылығы әуе компаниясының құлағына жетіп, ресми жауабын жариялады.

«Сәлеметсіз бе! Қолайсыздық келтіргеніміз үшін кешірім сұраймыз. Бұл рейс техникалық себептерге байланысты кешіктірілді. Біз қауіпсіздікке үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Сондықтан ұшақтың ұшуға дайын екеніне көз жеткізгеннен кейін ғана ұшырамыз. Рейстің тоқтатылып немесе кешіккен жағдайда тасымалдаушының жолаушы алдындағы жауапкершілігі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында, атап айтқанда «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңның 86-бабында көрсетілген. Әуе компаниясы жолаушылар алдындағы жауапкершілікті толығымен түсінеді және ақшаны қайтару мәселесін қарастыруға дайын. Қызмет сапасын жақсарту мақсатында немесе ақшаны қайтару үшін help.airastana.com сайтында өтініш қалдыруыңызды сұраймыз», – делінген компанияның жауабында.


ПІКІР ЖАЗУ