Түркістан: жарнама тақтайшалары талапқа сай еместігі анықталған

0

Түркістан қалалық «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы»КММ-нің мамандарынан құрылған арнайы үгіт насихат тобы қаладағы маңдайша жарнамаларының Қазақстан Республикасы «Тіл туралы» Заңының аясына сәйкестігін жүйелі тексеруде.

 Кезекті аралауда жұмысшы топ 70-ке жуық дүкен мен тамақтану орындарына бақылау жүргізіп, анықталған кемшіліктер бойынша иелеріне «Тіл Туралы» Заңның талаптарын түсіндірді.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шiлдедегі «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» №151 Заңының (бұдан әрі – Заң) 2 бабына сәйкес, жарнамалар мен маңдайша хабарландырулардың барлық мәтіні мынадай ретпен:

— мемлекеттік тілде — сол жағына немесе жоғарғы жағына,

— орыс тілінде оң жағына немесе төменгі жағына орналасады,

— бірдей өлшемдегі әріптермен жазылады.

 Қажеттігіне қарай көрнекі ақпараттың мәтіндері қосымша басқа да тілдерге аударылуы мүмкін. Бұл жағдайда әріп өлшемі нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптардан аспауға тиіс. Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама — мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда орыс және басқада тілдерде беріледі.

Осы ретте, аталған талаптар сақталмаған, кемшіліктер жойылмаған жағдайда тиiстi органдарға Қазақстан Республикасының тiл туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi лауазымды адамдарға тәртiптiк жазалау шараларын қолдану туралы ұсыныстар енгiзілетін болады.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» № 235-V Кодексінің 75 бабының 3 тармағына сәйкес, деректемелер мен көрнекi ақпаратты орналастыру жөнiндегi талаптарды бұзу – ескерту жасауға, осы баптың үшінші бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет –лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бес, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – он, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне жиырма бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады және 729 бабының 2 тармағына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға және әкімшілік жазалар қолдануға қаланың әкімі мен оның орынбасарлары құқылы.


ПІКІР ЖАЗУ