Түркістан: Райымбек Сейтметов театрында жаңа маусым ашылды

0

Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласы сазды-драма театрында жаңа маусымның шымылдығы түрілді. Маусымашарға Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев қатысып, құттықтады.

– Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлының мәдениет саласын дамыту жөніндегі тапсырмасымен облыс орталығында игі бастамалар қолға алынып, жаңа мамандар келіп жатыр. Облыстағы 3 театрымызда да оң өзгерістер орын алуда. Міне, соның бірі осы қарашаңырақ ғимаратына былтыр күрделі жөндеу жасалды. Ал биыл Райымбек Сейтметов ағамыздың 85 жылдығына орай республикалық театр фестивалі өтеді. Бүгінгі маусымның ашылуымен баршаңызды құттықтаймын. Мол табысқа жете беріңіздер, – деді басқарма басшысы.

Жаңа маусым украиндық драматург Мария Ладоның «Болмаған оқиға» драмасымен ашылды. Жақында ғана тұсауы кесілген қойылымда әлем дамыған сайын адам баласының қатыгездігі қатар күрделеніп жатқаны туралы баяндайды. Ал жер бетіндегі хайуандардың адамнан мейірімді, жүрегі жұмсақ екенін біз біле бермейміз. Білсек те өзімізді жоғары санап мойындамаймыз. Неге? Міне, жауабы жоқ сұрақтарға театр әртістері сахна арқылы жауап беруге тырысады.

Шығарманы қазақ тіліне аударған Құжырғали Төлеуішев. Театрдың көркемдік жетекшісі – А.Наурызбаев. Қойылым режиссері – Махамбет сыйлығының иегері М.Томанов, суретшісі – Қ.Шериев. Рөлдерді К.Аштекова, Ә.Жұман, Ж.Адырбекова, Ж.Маханов, А.Ильясов, Ғ.Бейсенбаев, М.Құрманбеков, А.Индемесова, Ж.Сейдахметова, Т.Қарынбаев, Б.Шаймахан сынды театр әртістері сомдап шықты.


ПІКІР ЖАЗУ