ТҮркістанда алғаш рет ұйқы артерияларына эндоваскулярлық стенттеу оталары жүргізілді

0

Түркістан қалалық орталық ауруханасының ангиохирург, интервент дәрігерлері алғаш рет ұйқы артериясының атеросклерозы бар цереброваскулярлық бұзылуларға және ишемиялық инсультке қарсы ота түрін ойлап тапты. Аталған тәсіл бойынша кентаулық екі тұрғынға ұйқы артерияларының эндоваскулярлық стенттеу отасы сәтті жүргізілді. 

Аурухана дәрігерлері пациенттерді тексеріп, зерттеу нәтижесінде ұйқы артериясында стеноздар мен атеросклеротикалық бляшкалары бар екендігін және сол бітелген тамырларының инсультке әкеліп соқтыру қаупі жоғары екенін анықтап, науқастардың егде жасын, асқынулары мен қарсы көрсеткіштерін ескере отырып осы ота тәсіліне тоқталды.

Эндоваскулярлық стенттеу оталары – соңғы жылдары әлемнің жетекші клиникаларында кеңінен қолданыла бастаған жаңа әдіс. Ұйқы артериясын стенттеу дегеніміз — тарылған немесе бітелген тамырға жұқа металл құрылымды орнату арқылы бас миын қоректендіру, яғни стент – каркас рөлін атқарып ми қанайналымының жедел бұзылыстарының  яғни (инсульттің) алдын алады.

Мұндай операцияның басты артықшылықтарының бірі – науқастың тез қалпына келуіне және операциядан кейінгі асқынулардың азаюына кепілдік беретін минималды жарақат түрі саналады. Отаның жасалу уақыты шамамен 30 – 60 минутты құрайды. Бұл ота түрі жергілікті анестезиямен, ауыртпалықсыз шап қатпары аймағынан тесіп сан артериясына түсу арқылы жүзеге асырылады, ал науқас осы уақыт аралығында өз санасында болады.

Айта кетейік, ота құны 3,0 млн теңгені құрайды. Дегенмен Эндоваскулярлық стенттеу отасы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде тегін жүргізіледі.

Операция аяқталған соң, келесі күні науқастың қимыл-қозғалыста болуына рұқсат етіледі, және оңалу уақыты жылдам болады. Қазіргі таңда ота жасалған кентаулық екі науқастың жағдайы жақсы, үйіне шығуға дайындалуда.


ПІКІР ЖАЗУ