Астанада психикалық дерті бар 6 адам жүргізуші куәлігін алған

Астана қаласының прокуратурасы психикалық ауруларға байланысты көлік құралдарын басқаруға тыйым салынған адамдарға қатысты талап-арыз жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бас прокуратураның мәліметінше, қала прокуратурасы психикалық ауруы бар деп танылып, осы негізде қылмыстық жауаптылықтан босатылған адамдардың көлік құралдарын басқару құқығы бар-жоғын талдады.
Медициналық қарсы көрсетілімдер тізіміне сәйкес көлік құралдарын қауіпсіз басқаруға тыйым салынған 76 адамның ішінде 6 азаматтың қолданыстағы жүргізуші куәліктері бар екені анықталды.
Осыған байланысты, елорда прокуратурасы азаматқа қатысты азаматтық талап арыз беріп, ол 2025 жылғы 2 шілдедегі сот шешімімен қанағаттандырылып, азаматтың көлік құралын басқару құқығы тоқтатылды.
Ұқсас талап-арыздық жұмыстарды аудандық прокуратуралар жүргізіп, 4 талап арыз беріліп, олардың барлығы сотпен қанағаттандырылды.
Сонымен қатар, талдау нәтижелері бойынша Қылмыстық кодекстің 16 және 91-баптарына өзгерістер енгізу ұсынылды. Бұл өзгерістер сотқа психикалық ауруға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылған адамдарға қатысты көлік құралын басқару құқығын тоқтату мәселесін қатар қарауға мүмкіндік береді.