Түлкібас: 200-ден астам жоба 1,4 млрд. теңгеге жуық қаржы алған

0

Түлкібас ауданында ауылдарды дамыту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылуда. Атап айтқанда: өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары және кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндік жасау. Бағдарлама былтыр Мичурин, Балықты, Рысқұлов, Шақпақ ауылдық округтерінде іске асырылып, 1 млрд 396 млн. теңгеге 209 жоба қаржыландырылды. Бұл жайында аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов айтты.

«Биыл ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасына Ақбиік, Кемербастау, Арыс, Жаскешу сынды 4 ауылдық округ енгізіліп отыр. Сонымен қатар, 2024-2026 жылдары ауыл шаруашылық саласы бойынша 9,8 млрд. теңгені құрайтын 11 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде 192 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Былтыр аудандағы жалпы ауылшаруашылық өнім көлемі — 61 млрд 266 млн. теңгені құрады. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыру мақсатында 4 орта, 22 шағын, 6 қосалқы кәсіпорын, барлығы 32 кәсіпорын жұмыс істейді. Ауданда өнеркәсіп кәсіпорындарын дамыту мақсатында 2024-2026 жылдары өнеркәсіп саласы бойынша 447 млрд. теңгені құрайтын 11 жобаны сүйемелдеу жұмыстары жүргізіледі», — деді аудан басшысы.

Бұдан бөлек, аудан экономикасының дамуының маңызды бір бағыты туризм саласы. Бүгінде ауданда 36 туристік нысан бар. 2023 жылы ауданға 15 мыңға жуық турист келген. Жалпы туризм саласы бойынша алдағы 3 жылда жалпы құны 12,4 млрд. теңгені құрайтын 8 жобаны сүйемелдеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, туризм саласын дамыту мақсатында аудан аумағынан 80 га жерге емдік-сауықтыру рекреациялық аймақ құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.


ПІКІР ЖАЗУ