Су тасқыны. 3,5 мыңға жуық құлсарылық қоғамдық штабқа жүгінген
3,5 мыңға жуық құлсарылық кеңес алу үшін Қоғамдық штабқа жүгінді, деп хабарлайды BAQ.KZ Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабына сілтеме жасап.
Бұл туралы Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов мәлімдеді. Еске сала кетсек, қоғамдық штабта су тасқыны кезінде зардап шеккен тұрғындар су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек бөлу, несиелер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру, су басқан үйлер бойынша бағалау жұмыстарын жүргізу, мемлекет тарапынан материалдық көмекке құжаттар жинау бойынша кеңес ала алады.
Бүгінгі таңда 3,5 мыңға жуық тұрғын Құлсары қаласының Қоғамдық штабына кеңес алу үшін жүгінді.
Қоғамдық штаб мүшелері Жедел штаб пен аудан әкімдігінің жұмысын едәуір жеңілдетті. Халықты толғандыратын барлық мәселелер бойынша кеңес беретін қоғамдық белсенділердің арқасында біз су тасқыны салдарын жоюға — Құлсары қаласын құрғатуға және дезинфекциялау жұмыстарына толықтай кірістік, — деді Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов.
29 сәуірдегі ақпарат бойынша, Жылыой ауданында 2920 үй мен 19 көппәтерлі тұрғын үй (820 пәтер) су астында қалды. Біржолғы материалдық көмек алуға 3810 өтінім келіп түсті, оның 3597-сі қанағаттандырылды.