Арыс: Стадион тұрғын ауданы газға қосылды
Бүгін Стадион тұрғын ауданы табиғи газға қосылды. Енді дербес шоттарын әзірлеп, техникалық шарт жасасқан тұрғындар кезең-кезеңімен газ жүйесіне қосыла береді. Бұл күн қала тұрғындары үшін маңызды кезең болып табылады, себебі табиғи газдың қол жетімді болуы өмір сүру сапасын едәуір жақсартары анық.
Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова және қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, қала ардагерлері осы тұрғын ауданда алғашқылардың бірі болып газға қосылған Балғабаевтар шаңырағында болып, құттықтауларын жеткізді.
«Бүгін Арыс халқы үшін үлкен қуаныш күн. Табиғи газға қосылу – тек жайлылық емес, сонымен қатар, үнемділік пен қауіпсіздік. Бұл сіздер үшін де, қаламыздың болашағы үшін де өте маңызды,» — деді қала басшысы.
Тұрғындар өз кезегінде қала әкімдігіне және барлық іске қатысқан мамандарға алғыс айтып, бұл жобаның сәтті жүзеге асырылғанына ризашылықтарын білдірді.
Бұдан кейін қала басшысы Н.Исмаилов көшесінде тұратын Мырзабаевтар әулетінің қуанышымен ортақтасты.
Мырзабаевтар отбасы өздерінің алғашқы әсерлерімен бөлісіп, газдың қолжетімді болуының артықшылықтарын атап өтті.
«Бұл біз үшін үлкен жеңілдік. Енді бізге отын әзірлеудің қажеті жоқ, үйіміз әрдайым жылы болады. Сонымен қатар, ас дайындау да оңай әрі жылдам болмақ.» — дейді отанасы Айтқайша Мырзабаева.
Айта кетейік, бүгінгі таңда қаланы толық газға қосу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы ретте, барша тұрғындарды «қыстың қамын жаз ойла» дегендей, осы бастан тиісті мекемелермен келісім шарт жасасып, техникалық рұқсатнама алып, газ қосуға дайын болуға шақырамыз.
Табиғи газға қосу бойынша барлық сұрақтарға 8 700 104 00 04 байланыс нөміріне хабарласуға болады.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі