Отырар: саяси-идеялогиялық тәрбие мен тәрбие беру бағдарламаларының орындалуы
Бүгін ауданда аудандық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынды кеңес төрағасы Көлбай Жалғасбай ашып, жүргізіп отырды. Жиынға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудан әкімінің орынбасарлары, ауыл округтерінің әкімдері мен бөлім басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында алдымен күн тәртібіндегі мәселеге байланысты аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов баяндама жасап, жастар арасында саяси-идеялогиялық тәрбие жұмыстарының жүргізілуі мен тәрбие беру бағдарламаларының орындалуы туралы айтып өтті.
Жалпы аудан бойынша 2024 жылы 14-35 жас аралығындағы жастарға талдау жасалған. Дерекқор бойынша ауданда 15974 жас бар. Оның ішінде жалпы өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар саны – 8753, мемлекеттік қызметкерлер – 39, азаматтық қызметкерлер – 841, жұмыссыздар – 215, тұрақты, уақытша жұмыспен қамтылған жастар – 321, студенттер – 4998, әскер қатарындағылар – 168.
Аудандағы жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту шаралары бойынша жыл басынан бері «Жастар практикасы» бағдарламасына 98 жас, қоғамдық жұмысқа 86 жас тартылып жұмыспен қамтылса, алғашқы жұмыс орындарына – 36 жас тартылған. Жастар арасында мемлекеттік бағдарламалар бойынша – 31 рет түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, 4971 жасқа арнайы мемлекеттік бағдарлама бойынша кеңестер берілген.
Жиын барысында қоғамдық кеңес мүшелері Бегалы Әймішов, Нұржан Дайрабаев, Бақытжан Сапарбай, Мария Белгібаева, Төрехан Амантай, Оңалбек Тоқбергеновтер жастар тәрбиесіне қатысты сауалдарын қойып, бірқатар ұсыныс-пікірлерін айтты. Аудан әкімі жиында көтерілген мәселелердің маңыздылығын айта келе, айтылған ұсыныс-пікірлерді ескере отырып алдағы уақытта жұмыстарды үйлестіруді жауапты сала басшыларына тапсырды.
Мұнан соң күн тәртібіндегі келесі мәселе 2024 жылы аудан көлемінде көгалдандыру, тазалық жұмыстарының орындалуы туралы «Отырар-2050» мекемесінің басшысы Артықбай Мырзатай баяндады.
2019 жылы аудан әкімдігінің қаулысымен құрылған «Отырар-2050» КММ аудандағы ішкі көшелер мен автотұрақтарды, суағарлар мен гүлзарларды, субұрқақтар мен жарықтандыру құралдарын және жаяу жүргіншілер жолы мен саябақтарды абаттандыру, көгалдандыру бойынша қызметтерді атқарады. Мекеменің теңгерімінде 300 гектарға жуық жер учаскелері бар. Оның ішінде «Жасыл аймақ» алқаптары, саябақтар мен Шәуілдір-Темір тас жолының бойындағы көгалдандыру аймақтары кіреді. Мекеме қызметкерлері көшеттер мен гүлзарларды суғару, жол бойындағы абаттандыру мен тазалық жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді.
Жиында көшелер мен орталық жол бойында қараусыз жүрген малдар жасыл желектер мен ағаш-талдарды таптап, көгалдандыру жұмыстарына зиян келтіріп жатқаны жайында айтылып, аталған мәселеге байланысты әрбір ауыл округтерінде тұрғындар мен қараусыз жүрген мал иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігі кеңінен талқыланды.
Жиын соңында аудан әкімі күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты айтылған сын-ескертпелерді назарға алып, тиісті жұмыстарды атқаруды жауапты сала басшыларына жүктеді. Аудан басшысы аталған жұмыстардың орындалуы өз бақылауында болатынын жеткізді.