Отбасылық бюджет үлгісі: өзіңізге ыңғайлы форматты қалай табуға болады

0
  • Отбасылық бюджеттің түрін анықтап алмаған. Айтқандай, бәріне бірдей үйлесетін идеал формат жоқ. Сондықтан әркім өз ыңғайына қарай өзі таңдап, келісіп алуы қажет. Дұрысы — барлығын басынан шегелеп, бекітіп алу. Әйтпесе, кейін келе келіспеушілік жиілей береді. Кім азық-түлік алады, кім коммуналдық төлемді төлейді, демалыс пен жөндеу жұмысы сынды көп қаражат керек ететін кезде әрекет қандай болады — барлығы екі жақты талқылануы қажет. Сол себепті бұған бей-жай қарамаңыз. Бетпе-бет отырып, ақылдасыңыздар. Үтір-нүктесіне дейін талдаңыздар. Бәлкім, кей жерде өзгеріс енгізу керек болар. Қатып қалған қағида болмайды. Ыңғайға қарай икемдей беріңіз.
  • Бүкіл ақшаға бір адам иелік етеді. Бұл да көпшіліктің жиі жіберетін қателіктерінің қатарында. Әсіресе, бала туғаннан кейін әйелде үйде отырмын, ақша таппаймын деп отбасылық қаражатқа араласпай қояды. Сөйтіп бар ақшаны күйеуі жұмсауы мүмкін. Егер әйеліне жүріс-тұрысқа жеткілікті ақшаны еш кедергісі беріп отырса, бәрі тамаша. Ал енді әр ұстатқан тиынға есеп сұрап, не шектейтін болса — мәселе қиындау. Болмаса, біреуі жұмыстан қысқарып қалып, табыссыз қалғанда да осыған ұқсас проблемалар туындауы мүмкін. Әркім өз ақшасын өзі жұмсап үйреніп қалса, тіпті қиын. Сондықтан бұл жағдайда да бәрін ашық талқылау қажет. Ортақ бір келісімге келу аса маңызды. Әйтпесе, өкпе тола береді.
  • Отбасында қаржы мәселесі мүлдем талқыланбайды. Қаражат проблемасы әр үйде болады. Қамсыз өмір сүріп жатқан ешкім жоқ. Бастысы, мәселелердің қалай шешілетінінде. Жақсылап сөйлесіп, жан-жақты талқыланса, шешілмейін түйін жоқ. Егер проблеманы шешуді кейінге шегере берсе не елемесе, онда уақыт өте келе ұлғайып, күрделене түседі. Соңы ажырасуға әкеп тірелуі ғажап емес.
  • Ақша жұмсауға қатысты шек жоқ болса да жақсы емес. Әсіресе, ортақ не аралас бюджет кезінде бұл мәселе ашық талқылануы қажет. Мысалы күйеуі де, әйелі де ақша табады, ортақ қазанға ақша салады. Бірақ бірде ортаққа салмай, бар тапқанына басқа нәрсе алып қоюы мүмкін. Әу басында екеуі де ортақ бюджетке 100 000 теңгеден салып отырамыз деп келісіп алып, біреуі салмай қойса, не ортақ қазаннан ақшаны рұқсатсыз алып алса, бұл да жарамайды. Сондықтан шек қойылуы керек.
  • Кірістен гөрі шығын көп. Қазір кредит алу қиын емес. Қарызы бастан асып жатса да, кредит тарихы нашар болса да несие картасын ашып алып не тұтынушылық несие рәсімдей салады. Банктер де көп жағдайда мақұлдайды. Бұған жақын болудың қажеті жоқ. Мойынға кредит арта беру — жақсы қасиет емес. Көрпеге қарай көсіліп үйренген абзал. Қарызға алып мәз болғаннан, қайтсем табысты арттырамын деп ойласаңыз дұрысырақ. Яғни алдымен табатын ақшаңызды еселеп, сосын барып соған лайық шығыныңыз болсын. Өкінішке қарай, қазір көбінде бұл керісінше: табысы аз, шығыны шектен тыс көп. Шығынның бәрін жүйелеп, жоспарлау керек. Кіріске қарай өмір сүріп үйрену қажет. Егер негізгі қажеттерді өтеуге шамаңыз келмесе, жаңа үлгідегі смартфон не үшін керек? Болмаса, ойыңызды басқа жұмысқа, айлықты көтеруге бағыттаңыз.


ПІКІР ЖАЗУ