Түркістандық өнерпаз халықаралық ән байқауында гран при иеленді
Астана қаласында Халық қаһарманы Роза Бағланова атындағы халықаралық вокалдық конкурсы өз мәресіне жетті. Ән додасында Түркістан облысынан қатысқан «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінің талантты солисі Жомарт Асыл бас бәйгені еншіледі.
Жалпы 50-ден астам өтінім түсіп, олардың ішінен іріктелген 16 қатысушы қазылар алқасы алдында өнер көрсетті. Екі кезеңнен тұратын ән байқауында қатысушылар классикалық және заманауи туындыларды орындап, шеберліктерін ортаға салды. Байқау Қазақстанның және КСРО-ның Халық әртісі, Халық ҚаҺарманы, аты аңызға айналған әнші Роза Бағланованың шығармашылығын кеңінен насихаттауға, ұлттық және әлемдік мәдениеттің үздік дәстүрлері мен жетістіктерін жаңғыртуға бағытталған.
Сахна сандуғашы Роза Бағланованың құрметіне арналған конкурстың қазылар алқасы қатарында Қазақстан және Қырғыз Республикасының Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, Қырғыз Республикасының Халық әртісі Роза Аманова, Өзбекстанның Халық әртісі Мансур Ташматов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері Нұрлан Абдуллин, Жанна Орынбасарова, Жаннат Бактай және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Әлібек Әлмадиев сынды атаулы өнер майталмандары бар. Қазылар алқасы орындаушылардың ерекше дауысын және орындаушылық шеберлігін зор қошеметпен атап өтіп, нағыз музыкалық мерекенің атмосферасын жасаған әр қатысушыға алғыс білдірді.
Айта кетейік, гала-концертте осы конкурстың жеңімпаздары және «Қазақконцерттің» көрнекті өнерпаздары өнер көрсетті. Бағдарламада Роза Бағланованың ұмытылмас әндері мен қазақстандық композиторлардың шығармалары орындалды.