Сарыағаш: мәжіліс депутаттары бірқатар кәсіпкерлік нысандардың жұмысымен танысты
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Қайрат Балабиев, Ұласбек Сәдібеков, Темір Қырықбаев және Нұрсұлтан Байтілесов Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары аясында Сарыағаш ауданындағы бірқатар кәсіпкерлік нысандардың жұмысымен танысып, аудандағы іскерлік ортаның өзекті мәселелерін тыңдады.
Парламент өкілдерінің аудан жұртшылығымен кездесу жиындарына «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, Түркістан облыстық және Сарыағаш аудандық мәслихаттарының фракция депутаттары қатысты.
Мәжіліс депутаттары мен облыстық мәслихаттың өкілдері жұмыс сапары аясында ауыл шаруашылығы саласындағы бірегей жоба — «Agro Tur» шаруа қожалығының өнеркәсіптік жылыжай кешенімен және Түркістан өңірінің тамақ өнеркәсібіндегі маңызды кәсіпорын — «Бәйтерек — Шымкент» ЖШС-нің кондитерлік өнімдер цехының өндірістік әлеуетімен танысты.
Ауданның аграрлық саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен қолға алынған жобалар туралы «Agro Tur» шаруа қожалығының жұмысымен танысу барысында кең мазмұнда айтылды. Ауданға қарасты Зортөбе елді мекенінде кәсіпкер Тұрсын Тасходжаевтың 2 гектарды алып жатқан өндірістік жылыжай кешені – инновациялық жоба болып табылып, мұнда ең үздік агротехнологиялар негізінде жылына 12 млн. дана экологиялық таза көкөніс және гүл көшеттері өсіріліп, нарыққа шығарылады. Сондай-ақ жылыжай кешенінде жоғары сұрыпты қызанақ, қияр сынды әлеуметтік маңызы бар көкөніс түрлерімен қатар, банан, папайя сынды экзотикалық өнім түрлері, гүлдер өсіріліп, еліміздің экспорттық әлеуетін арттырып отыр. Қазіргі таңда, жылыжай кешені 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Парламент депутаттарының жергілікті тұрғындармен кездесу жиыны әрі қарай Сарыағаш қаласындағы «Бәйтерек-Шымкент» ЖШС-нің өндірістік алаңында жалғасты. Сарыағаш қаласы аумағында орналасқан жалпы құны 200,0 млн.теңгені құрайтын «Бәйтерек-Шымкент» ЖШС-і 2014 жылдан бері кондитерлік өнімдер шығаруда. Бүгінде цехта «ЮЖКОНД» брендімен жылына 690,0 тонна 40 түрлі кондитерлік өнімдер өндіреді. Кәсіпорында 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.