ТҮРКІСТАН: Сауранда қыздар арасында волейболдан республикалық турнир басталды

Сауран ауданына қарасты Қарашық ауылдық округінде «Біз салауатты өмір салтын ұстанамыз!» ұранымен волейболдан 2008-2009 жылы туған жасөспірім қыздар арасында республикалық ашық турнир басталды. Жарысты аудандық «Бұқаралық және спорт түрлерін дамыту клубы» ұйымдастырып отыр.
Турнирдің ашылу рәсімі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталып, жарыстың салтанатты бөліміне Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров қатысты. Ол жас спортшыларға сәттілік тілеп, жарыстың маңыздылығын атап өтті.
– Спорт – денсаулық кепілі ғана емес, елдің абыройын асқақтататын сала. Бүгінгі турнир – болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге бағытталған маңызды шара. Спорттың дамуы, жастардың белсенді өмір сүруі – біз үшін аса маңызды. Біздің мақсатымыз – жас буынды салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыру және олардың кәсіби деңгейін көтеру. Барлық спортшыларға сәттілік тілеймін, – деді аудан әкімі.
Турнирге еліміздің әр өңірінен келген 13 құрама команда қатысып жатыр. Олардың қатарында Шығыс Қазақстан облысы, Шымкент қаласы, Атырау облысы, Атырау қаласы, Семей қаласы, Түркістан қаласы, Ақтөбе қаласы, Шиелі ауданы, Мақтарал ауданы, Арыс қаласы, Қызылорда облысы, Түркістан облысы және Сауран ауданы командалары бар.
Республикалық жарыс 2025 жылдың 12-16 ақпан аралығында өтеді. Турнир нәтижесінде үздік командалар анықталып, жүлдегерлер арнайы марапаттарға ие болады.
Бұл жарыс жас спортшылардың шеберлігін арттырып, тәжірибе алмасуына мүмкіндік беретін маңызды алаң болмақ. Сауран ауданында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған осындай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасатын болады.