Талдықорғанда 27 анаға мемлекеттік марапат табысталды

0

 Облыс орталығында 200 мыңнан астам тұрғын болса, соның 6 мыңы көпбалалы ана. Бүгінде олардың дені мемлекеттік марапаттарға ие болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Талдықорғанда жыл сайын жүздеген анаға «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» төсбелгілерін салтанатты түрде тапсырылады. Бұл дәстүр биыл да жалғасты. Жақында қала басшысы Ернат Бәзіл Екінші дүниежүзілік соғыстың 80 жылғына орай 27 көпбалалы анаға мемлекеттік марапат табыстады.

Әрбір ана кез келген қошеметке лайық. Өмірдің бастауы аналар болып қала береді. Отбасы – қоғамның іргетасы десек, аналар сол шаңырақтың берекесі мен мейірімі. Тәрбиелі ұрпақ – елдің ертеңі. Осы орайда ұрпағына дұрыс бағыт-бағдар беріп, ел болашағына елеулі үлес қосып келе жатқан сіздерге, аяулы аналар, алғысым шексіз. Әр шаңырақта амандық пен береке болсын. Аналарымыз ешқашан қартаймасын, — деді қала әкімі Е. Бәзіл.

Марапат иелерінің сегізі «Алтын алқаға», ал он тоғызы «Күміс алқаға» ие болды. Олардың қатарында Жетісудың атақты шабандозы Амангелді Хамзаның анасы – Динара Бектенова да бар. Ол тілегін арнап, көпбалалы ана болу үлкен мәртебе екенін жеткізді.

Ана болу үлкен өнеге, қуаныш, дүниеде одан артық бақыт жоқтай. Әсіресе өзін өмірге алып келген балаң елдің алдында жүрсе, тәрбиесі түзу болса, еліне-жеріне қызмет етсе ата-анаға одан артық бақыт жоқ. Өзім секілді марапатқа ие болған жандарды шын жүректен құттықтаймын. Осындай жарқын сәттер көп болсын. Әрбір бала елінің елеулі, халқының қалаулы перзенті болсын, — деді көпбала ана Д.Бектенова.

Мемлекеттік марапатқа ие болған әрбір көпбалалы анаға әкімдік тарапынан арнайы сыйлық беріліп, гүл шоқтары табысталды. Шара соңында естелік суретке түсіп, аналар ілтипат көрсетіп тарқады.


ПІКІР ЖАЗУ