Айқайлаған ата-ана, ұрысқан директор: Мұндай тәрбиеге шариғат не дейді?

0

 Белгілі дінтанушы Мұхиддин Исаұлы қазіргі кейбір ата-аналар балаға қатаңдық танытуын кеңестік кезеңнен қалған қате көзқарас деп санайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Шариғатымызда балаға «бұлай жасама» деп дөрекілік көрсетуге болмайды. Керісінше, баланы жазғырудың орнына, оған альтернатива ұсыну қажет. Бейберекет айқайлап, қорқытып тәрбиелеу – дұрыс емес. Одан да дұрыс жолын көрсетіп, сабырмен түсіндіру керек, – дейді дін маманы.

Ол қазіргі кезде тәрбиеге түрлі стандарттар қойылып, баланың еркін ойы шектеліп жатқанын да сынға алды.

Кеңес үкіметі кезінде де тәрбие болды, бірақ ол тәрбие баланың мүддесі үшін емес, тәртіп орнату үшін жүргізілді. Қазір де сол көзқарастың сарқыншағы байқалады: тәртіпке бағындыру үшін тәрбиелеу. Бұл – түрмедегі тәрбиеге ұқсайды. Ал дініміз бойынша тәрбие – мейірімге негізделуге тиіс. Шариғат қатаң тәртіпке үзілді-кесілді қарсы. Баланың ойы мен пікірі тыңдалып, ескеріліп отыруы керек. «Баланы мен таптым, енді маған бағынсын» немесе “еңбегімді қайтаруы тиіс” деген көзқарастан арылған жөн, – дейді Мұхиддин Исаұлы.

Исламтанушы балаға адам ретінде қарау керек екенін айтады. Құлдың да құқықтары бар екенін еске салып, Пайғамбар сүннетінен мысал келтірді.

Дінімізде «не кисең, құлыңа соны бер; не жесең, соны да жегіз» делінеді. Яғни ешкімге төмен қарап, жекіп сөйлеуге болмайды, – деді ол.

Оның айтуынша, мектептердегі қаталдық пен кейбір директорлардың мұғалімдерге қысым көрсетуі – кеңестік большевиктік жүйесінің жалғасы.

Мұғалім сабақ беріп жатқанда, оған тіпті облыс басшысы да кедергі келтірмеуі керек. Бұл – шариғаттағы ұстазға деген құрметтің белгісі. Ал бүгінгі таңда кейбір басшылар ұстаздың сабағын бөліп, айқайлайды. Мұндайда мұғалімнің де, оқушының да еңсесі түсіп, ұстаздың беделі төмендейді. Бұдан арылуымыз керек, – дейді Исаұлы.


ПІКІР ЖАЗУ