Атыраудың қақ ортасындағы апатты мектеп әлі бұзылмаған

Атырау қаласы Алмагүл ықшам ауданындағы екі жыл бұрын апатты деп танылып, жабылып қалған үш қабатты мектеп әлі бұзылмаған. Тұрғындар пайдасыз нысанды сүріп, балаларға жаңа ғимарат салып берсін деп талап етуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сәбит Мұқанов атындағы бұл үш қабатты орта мектеп қолданысқа 1976 жылы берілген. Әбден тозығы жеткесін, осыдан 2 жыл бұрын апатты деп танылған. Кейін оқушылар өзге екі білім ордасына бөлініп, нысан жабылды. Содан бері бұзылмай, маңындағы тұрғын үй иелеріне келеңсіздік тудырып тұр. Сұрықсыз, қажетсіз білім ордасының ғимараты сүрілсін деп талап етті жиналған 30-жуық тұрғын.
Бұл мектепте бір емес 5 балам бірдей оқыды. Тұрғанына біршама жыл болды. Жұмысы әлі қозғалмайтын сияқты. Жәй ғана ескерткіш болып тұр. Сыртында қауіпті аймақ деп жазылып тұр. Мына жердегі балаларға да алаңдап отыр ата-аналар. Осы мектептің бұзылып, басқа мектеп салынғанын қалаймыз біз. Себебі басқа мектеп бізге ыңғайсыз. Алыстан келетін балаларды автобуспен де қамтымайды өзге білім ордалары. Егер бұл мектеп келесі жылға дейін де бұзылмаса сол автобусты да талап етеміз біз. Бәрібір өз мектептеріндей болмайды. Себебі онда акт залы болсын, спорт залы болсын, асхананы да пайдалана алмайды балалар, — дейді қала тұрғыны Әйгерім Темірханқызы.
Қарашаның осы уақытқа дейін тоздырмаған табалдырығы қалмапты. Бірақ жауаптылар біріне-бірі сілтейтін көрінеді.
Бірінші сыныпта осы мектептің табалдырығын аттап, өзім де білім алдым. Қанша жылдан бері тұрған мектеп. Тозығы жететіндей болды ғой енді. Бірақ қазір қиын болып тұр балаларға. Жаңа Қазақстан деп бәрін айтып жатыр ғой, қайда? Ештеңе көрінбейді. Осының бәрін жаңартпай ма? Мен оқып кеттім, балаларым да оқуын бітірді, енді немерелеріме дұрыс жағдай жасалса деймін. Алысқа сабылғанша, осы үйдің маңында оқығандары жақсы. Ал қазір қаңғып жүр. Жауаптыларға айттық, бір емес бірнеше рет. Дұрыс жауап бермейді, — дейді тұрғындардың бірі Жұмабай Омаров.
Жиналған тұрғындармен жүздесуге жауаптылардың ешқайсысы келмеді. Қарашамен сөйлесіп, мәселені түсіндіруге де талпынбады.
Бұл мектеп әбден ескірген. Астынан жерасты суы көтеріліп, еденге жайылды. Кейін жабылды ғой енді. Екі жылдан бері балалар әр жерде жүр. Соңғы екі жылда бұл мектепте директор да болған жоқ. Күні кеше келген адам жауаптыларға бармады емес, барды. Мектеп салынады, тек алдағы айларда мәслихат отырысында қаралу керек депті. Бірақ ел ішінде алыпқашпа әңгіме көп. Біреулер айтады, мына жер мектеп құрылысына сәйкес келмеді, ол жерге басқа нәрсе салады дейді. Тағы біреулер балалар сол бөлінген білім ордаларында қалады дейді. Енді біз кімге сенерімізді, не істерімізді білмей отырмыз. Ата-аналардың бәрі алаңдаулы, — дейді қала тұрғыны Мұхамеджан Орақбайұлы.
Қалалық білім бөліміндегілер бұл мектепті бұзып, орнына басқа ғимарат салуға, білім ордасы жабылғанда-ақ бірден ұсыныс беріпті.
2023 жылы тағайындалған арнайы сараптаманың қорытындысымен апатты деп танылды. Білім бөлімі мен мектеп әкімшілігі балалардың қауіпсіздігі үшін апатты деп танылған күннен бастап, оқу тәрбие процесін сол маңда орналасқан мектептерде жалғастыру туралы шешім қабылдады. Балалар 34-орта мектеп және Тайманов атындағы 27-орта мектептерге бөлінді. 2025 жылы апатты мектеп оқушылары түгелдей 27-мектепке ауыстырылды. Қазір сол жерде білім алуда. Білім бөлімі нысан апатты деп танылғанда тиісті шараның бәрін атқарды. Мемлекеттің қажеттілігіне байланысты жаңа мектеп құрылысын салуға сала аралық ұсынымды 2023 жылы жіберді, — дейді Атырау қаласы Білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова.
Ендігі жұмыстың бәрін құрылыс басқармасындағылар жүргізу керек. Бірақ ол басқарма басшыларының да қолы байлаулы сыңайлы. Қаралатын қаржыны мәслихат мақұлдап, шешім шығарулары тиіс. Бірақ жауаптылар жаңа 300 орындық мектептің жобасын жасап қойыпты. Ескі мектепті бұзуға болжаммен 80 млн теңге, жаңа нысан құрылысына 3,9 млрд теңге қажет дейді. Әзірге жұмыстың нақты қашан басталатыны белгісіз.
Айта кетсек, қазір қала бойынша 4 апатты 10 үш ауысымды мектеп бар. Биыл облыстағы жайлы мектептерді былай қойғанда 5 білім ордасының құрылысы жүріп жатыр дейді қалалық білім бөліміндегілер.