«Ядролық жарылыстың шетінде тұрмыз»: Саясаттанушылар Кашмир қақтығысы туралы не дейді?

Кашмир мәселесі тек Үндістан мен Пәкістан арасындағы даулы аймақ емес – бұл тарихи, саяси және жаһандық қауіпсіздік тұрғысынан ерекше мәнге ие «жанып тұрған нүкте». Саясаттанушылар Кашмир қақтығысының тамыры мен қазіргі шиеленісіне терең үңілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
1947 жылы Британ Үндістанының екіге бөлінуі нәтижесінде, мұсылмандар тұратын Жәмму мен Кашмир қай елге қосыларын шешпеген. Бұл Үндістан мен Пәкістан арасындағы алғашқы соғысқа ұласып, аймақ БҰҰ 47-қарарына қарамастан екіге бөлінді, – дейді халықаралық сарапшы, философия ғылымының кандидаты Жанат Момынқұлов.
Сарапшының айтуынша, Қырғи-қабақ соғыс кезінде Кашмир жаһандық геосаяси текетірестің орталығына айналды.
Пәкістан АҚШ және Қытаймен одақтасса, Үндістан Кеңес Одағымен тығыз байланыста болды. Бұл қақтығысты милитаризациялап, радикализм мен зорлық-зомбылық циклін тудырды. Сайлау нәтижелерін бұрмалау, саяси наразылық пен күш қолдану Кашмирде сепаратизмге жол ашты, – дейді ол.
Момынқұловтың дерегінше, 2019 жылы Үндістан 370-баптың күшін жойып, Кашмирдің жартылай автономиялық мәртебесін алып тастауы жағдайды қайта ушықтырған.
Пәкістан бұл қадамды арандату деп қабылдады. Қазіргі уақытта “Қақтығыс сызығы” бойында атыстар жиіледі. Үндістан тарапынан жүргізіліп жатқан қатаң бақылау, саяси қамаулар мен ақпараттық шектеулер халықаралық сынға ұшырап отыр. Бұл исламшыл экстремизмнің өсуіне де ықпал етті, – дейді Момынқұлов.
Ол Кашмирдегі қозғалыстың негізгі бөлігі ұлттық-азаттық сипатта екенін айтып өтті.
Екі ел аймаққа орасан зор әскери және қаржылық ресурстар жұмсайды. Ал халық жұмыссыздық, даму жетіспеушілігі мен психологиялық жарақатпен өмір сүріп жатыр, – дейді сарапшы.
Бұл қақтығыстың ең қауіпті жағы – ядролық қауіп.
Үндістан мен Пәкістан ядролық қаруға ие. Кез келген әскери қадам ядролық эскалацияға ұласуы мүмкін. Мұндай соғыс миллиондаған адамның өмірін қиып, жаһандық климатқа дейін әсер етуі ықтимал, – деп ескертті сарапшы.
Оның пікірінше, Кашмир тек екі ел арасындағы текетірес емес – бұл Ауғанстан, Қытай сияқты көршілес елдерге де ықпал ететін стратегиялық аумақ.
Қытайдың бұл қақтығыста бейтарап па, әлде мүдделі тарап па екені белгісіз. Оның Пәкістанмен тығыз экономикалық байланыстары бар, ал Үндістанмен аумақтық даулары бар. Қытай аймақтағы шиеленісті төмендетуге де үлес қоса алады, – дейді ол.
Қақтығысты реттеуде БҰҰ, АҚШ, ЕО, OIC, Ресей мен ASEAN сияқты ұйымдар бейбіт бастамалар көтеріп, келіссөздерге түрткі болуға тиіс.
АҚШ екі тарапқа да ықпал ете алады. Бірақ ол көбіне жасырын келіссөздермен шектеліп отыр. Ал Кашмирдегі тұрақтылық үшін аймақ өкілдерінің даусын есту – басты шарт, – деп түйіндеді Жанат Момынқұлов.
Ал саясаттанушы Аман Мәмбеталиев бұл шиеленісті «уақытша тоқтап тұрған, бірақ шешімін таппаған ұзаққа созылған қақтығыс» екенін айтады.
Жәмму мен Кашмир – екі мемлекеттің ортасында қалған даулы аймақ. Онда мұсылман халық тұрады, бірақ басшысы үнді болған. Кейін мұсылмандар Пәкістанды таңдады. Осылайша қақтығыс басталды. Бұл жыл сайын фазасын ауыстырып отырады – бірде шиеленісіп, бірде саябырлайды. Бірақ мүлде тоқтаған емес. Ең қауіптісі – екі елдің де ядролық қаруға ие болуы, – дейді саясаттанушы.
Ол соңғы әскери операциялар қақтығысты жаңа деңгейге шығарғанын атап өтті:
Сәуірдің аяғында Пахалгамдағы шабуылдан кейін Үндістан «Синдур» операциясын жүргізіп, Кашмирдегі тоғыз нысанға соққы жасады. Пәкістан бұл әрекетті соғыс деп бағалап, бейбіт тұрғындардың қаза тапқанын мәлімдеді. Бұл – 2019 жылдан бергі ең қатерлі кезең, – дейді Мәмбеталиев.
Қазақстанның ұстанымына тоқтала келе, ол былай дейді.
Қазақстан әрқашан БҰҰ Жарғысына сай бейбіт шешімдерді қолдайды. Президент те осыны бірнеше мәрте айтты. Қазір Сыртқы істер министрлігі Үндістан мен Пәкістанда тұратын аз-кем қазақстандықтардың қауіпсіздігін бақылауда ұстап отыр. Бұл қақтығыс Қазақстанға экономикалық тұрғыдан тікелей әсер ете қоймайды. Оңтүстік Азия біз үшін жаңа бағыт. Соңғы жылдары ғана логистикалық байланыс орнап жатыр. Сондықтан әсері болады деп ойлаймын, – деп сөзін түйіндеді сарапшы.