Сиыр еті жарты жылдан бері алғаш рет қымбаттамады

0

«Әлеуметтік маңызы бар» сиыр еті жарты жылдан бері алғаш рет қымбаттамады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұлттық Статистика бюросы мәлім еткендей, Қазақстан бойынша 7-14 қазан аралығында орта есеппен еттің жауырын-төс бөлігінің бағасы өзгеріссіз қалды. Бұған дейін баға мамыр айының басынан бері 23 апта қатарынан өсіп келген еді.

Осы өсім кезеңіне дейін баға бір рет 0,1%-ға төмендеген, ал бұған дейін осы 2025 жылы тек қаңтар айында ғана өзгеріссіз қалған еді. Қазір сиыр етінің қымбаттауы жиі талқылануда. Себебі жыл басынан бері, мысалы, еттің жауырын-төс бөлігі 25%-дан астамға қымбаттады, — деп жазылған хабарламада.

Ведомство өкілдері бағаның өсуін бірнеше рет экспорттың белсенділігімен байланыстырды. Ал осы сектор өкілдері салада жүйелі мәселелердің бар екенін айтып келеді.

Бағаның өсуі аясында Сауда министрлігі қыркүйектің аяғында «сиыр етіне қатысты жедел желі» іске қосылғанын хабарлады.

Сонымен қатар соңғы уақытта министрлік фермерлерден тікелей жеткізілетін, «нарықтық бағадан төмен» ет сатылатын ауыл шаруашылық жәрмеңкелерін жиі өткізіп жатқанын айтып отырады.

Еске салайық, бұған дейін соңғы жылдары Қазақстанда қымбат ет түрлерін тұтыну азайып, шұжық пен сосиска сияқты өңделген өнімдерге сұраныс артып келе жатқанын хабарладық. Халық бұрынғыдай ет сатып ала алмай, қолжетімді әрі ұзақ сақталатын баламаларға – шұжық, сарделька мен тауық етіне көше бастаған еді. Бұл тек тұтынушының күнделікті тамағына ғана емес, елдегі ет өңдеу өнеркәсібі мен сауда нарығына да әсер етіп отыр.


ПІКІР ЖАЗУ