Алматыда арзан азық-түлікті қайдан сатып алуға болады?

Қала тұрғындары демалыс күнгі жәрмеңкелерде базар бағасынан төмен азық-түлікті сатып ала алады. Мұндай жәрмеңкелер апта сайын қаланың бес ауданында өткізіледі, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Өнімдер делдалсыз, ауыл шаруашылығы өндірушілерінен және қайта өңдеу кәсіпорындарынан тікелей жеткізіледі. Сол себепті баға нарықтағыдан төмен деңгейде ұсталып отыр, – деді қалалық әкімдік өкілдері.
Арзан өнім сатылатын мекенжайлар:
Жәрмеңкелер сенбі және жексенбі күндері сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін өтеді:
• Алмалы ауданы – Масанчи көшесі, Гоголь және Әйтеке би көшелерінің арасы;
• Бостандық ауданы – “Казахфильм” ықшамауданы, Исиналиев көшесі;
• Әуезов ауданы – Өтеген батыр көшесі, Абай даңғылының төменгі жағында;
• Медеу ауданы – Меңдіқұлов бульвары, Бектұров көшесінің бұрышы;
• Жетісу ауданы — “Құлагер” ықшам ауданы, Серіков көшесі, 2-үй.
Келесі аптада Алмалы ауданында тағы бір жәрмеңке ашылады. Әкімдік оның нақты мекенжайын кейін хабарлайтынын айтты.
Қазір жәрмеңкелерді апта сайын шамамен 50 мың адам аралайды. Онда 300-ден астам фермер 1 мыңнан астам түрлі тауар ұсынады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан – азық-түлік бағасы ең қолжетімді 30 елдің қатарында екенін хабарлаған болатынбыз.