Түркістанда ҰБТ-да рекорд орнатқан оқушы тағы бір сыйлық алды

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Ұлттық бірыңғай тестілеуден ең жоғары – 140 ұпай жинап, облыс тарихында рекорд орнатқан жас түлек Жәнібек Әбілханды қабылдап, арнайы құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кездесуге Жәнібектің мектебінің директоры Сәуле Исаева мен сынып жетекшісі Гүлзира Бортаева да қатысты.
Облыс әкімінің атынан жас талапкерге құрмет көрсетіліп, оқуға қажетті ноутбук пен сый-сыяпат табыс етілді. Сонымен қатар ұстаздарға да алғыс білдірілді.
Апта өңіріміз үшін айрықша қуанышты жаңалықпен басталды. Жәнібек – біз үшін мақтан тұтар оқушы, оның жоғары нәтижесі Түркістанның беделін арттырып, елімізге үлгі болды. Бұл – ұстаздардың жылдар бойғы еңбегінің жемісі. Біз Жәнібек секілді білімді шәкірттердің көп болуын тілейміз, – деді Бейсенбай Тәжібаев.
Жас түлекке облыс басшылығы оқуын үздік университетте жалғастырып, таңдаған мамандығында жоғары жетістіктерге жетуін тіледі.
Ұлттық бірыңғай тесттен 140 балл алған Абилхан Жәнібек Асқарұлы Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияның түлегі. Жәнібек 1-сыныптан бастап Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияда білім алып келеді.
Еске салсақ, бұған дейін талапкерлер ҰБТ тапсыруды бастағанын хабарлаған болатынбыз.