Жұмыссыз қалғандар 6 ай бойы төлем ала алады

2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың саны 244,3 мың адамды құрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еңбекминінің хабарлауынша, оның ішінде 188,1 мың адамға биыл алғаш рет төлем тағайындалған. Төлемдердің жалпы сомасы 73,2 млрд теңгені құрады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыстан босатылған азаматтар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі мен соңғы 24 айдағы табысына қарай 1 айдан 6 айға дейінгі мерзімге әлеуметтік төлем алады. Төлемнің мөлшері жоғалған кірістің 45%-ына дейін МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Әлеуметтік төлем алу үшін жұмыстан босатылған азамат:
- eGov.kz порталына кіріп, «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдауы тиіс;
- өтінімді онлайн толтырып, ЭЦҚ арқылы жіберуі қажет;
- бір күн ішінде тұрғылықты жеріндегі мансап орталығы жұмыс орындарын ұсынады;
- жұмыс табылмаған жағдайда, 3 жұмыс күні ішінде қашықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі.
Сонымен қатар қызметті enbek.kz порталы арқылы да рәсімдеуге болады.
Жұмыссыз ретінде тіркелгеннен кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесі азаматтың мобильді телефонына төлемді тағайындауға келісу үшін SMS-хабарлама жібереді. Азамат келісім берген жағдайда төлем автоматты түрде тағайындалады.
Айта кетейік, МӘСҚ қаражаты есебінен берілетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себебіне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз қалған азаматты жаңа жұмыс іздеу кезеңінде қолдауға бағытталған.