Алматыдағы жоғарғы оқу орындары 25 хостелмен келісімге келді

Алматыдағы жоғары оқу орындары биыл 25 хостелмен келісімге келді. Студенттердің барлығына жатақханадан орын табу қиын. Сондықтан кейбір университеттер бірнеше жылдан бері хостелдермен байланысты нығайтуға мәжбүр. Бұл жаңа оқу жылында орын тапшылығын азайтуға сеп болмақ.
Бүгін мәслихат депутаттары мен қоғамдық ұйым өкілдері студенттер тұратын нысандарды аралап, жағдайын көріп қайтты. Оқу жылының қарсаңында алып шаһарға ағылған студенттердің саны артып келеді. Биыл мемлекеттік грантқа ие болған 77 мың талапкердің 32 мыңы Алматыдағы университеттерді таңдапты. Жаңа оқу жылы басталған сайын баспана мәселесі өзекті болатыны белгілі. Осы орайда, жатақханалармен қатар, қосымша хостелдер мен қонақүйлер де кәдеге жарап тұр. Алуа Ералықызы, тілші: — Мына жер студенттерге баспана болып отырған хостелдердың бірі. Мұнда 50 орын қарастырылған. Жалпы Алматыда жатақхана жетпеген студенттер үшін дәл осындай хостелдер мен қонақ үйлерден қосымша 11 мың орын бөлінген. Бұл жаңа оқу жылында орын тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.
Қалада жекеменшік жатақханалар да жұмысын бастаған. Мониторинг кезінде олардың ішінде ескісі де, жаңасы да кездесіп жатыр. Кейбірі тіпті заманауи қонақ үйден кем түспейді. Дамир Кутумов, қалалық студенттік жатақханалар бойынша жобалық кеңсе жетекшісі: — Биыл Алматыда студенттерге арналған 15 жатақхана салынады. Жыл соңына дейін 6 мыңнан астам орын дайын болады деп жоспарлап отырмыз. Жер тапшылығына байланысты қонақ үй мен бизнес-орталықтар мемлекет субсидиясымен жатақханаға бейімделіп жатыр. Уақытша шешім ретінде хостелдерден де 11 мың орын қарастырылды. Жастар саясаты басқармасының өкілдері де студенттер далада қалмайды деп сендіріп отыр.
Соңғы жылдары мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде бірнеше жатақхана пайдалануға берілген. Әзиз Кәжденбек, қалалық жастар саясаты басқармасының басшысы: — Студенттер далада қалып қалмайды. Резерв орындар бар. Жатақхана салу мәселесі де өзекті. Қарқынды дамып келеді. 23-жылы 14 обьект частный инвестор бойынша енгізілсе, алдыңғы жылы 16 обьект іске қолсылған болатын. 8900 орын қамтамасыз етілді 2 жылдың ішінде. Дегенмен, Алматыда әлі де 8 мыңға жуық орын тапшы. Мамандар жұмыс қарқыны бәсеңдемесе жатақхана мәселесі алдағы 2-3 жылда толық шешіледі, дейді. Студенттер сол уақыттан бастап хостелдер мен қонақ үйлерде тұрмайды. Сапаны бақылауға арналған мониторинг тағы бірнеше күн жалғасады.