Қыздың әкесімен байланыстамын: Алматыдағы оқушы суицидіне қатысты уәкіл пікір білдірді

0

 Алматыда жекеменшік мектептің 11-сынып оқушысы өз-өзіне қол жұмсады. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл жағдайға пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Алматыда жекеменшік мектептің 11-сынып оқушысы өз-өзіне қол жұмсады. Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, 17 жастағы қыз шатырдан секіріп, көз жұмған. Оқушының мұндай қадамға баруына мектеп әкімшілігі тарапынан жасалған қысым себеп болғаны айтылуда.

Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға қатысты тергеу амалдары басталды. Медеу аудандық полиция басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің «Өзін-өзі өлтіруге жеткізу» бабымен іс қозғаған. Құқық қорғаушылар оқиғаның себебі мен мән-жайын анықтап жатыр.

Бұл оқиғаға байланысты Алматы қаласы бойынша Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Ерлан Диана да пікір білдірді.

Қыздың әкесімен байланыстамын. Қазіргі уақытта тергеу іс-шаралары жүргізілуде. ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне (СТТБТ) тіркелді, – деді ол.