Қазақстан студенттері жасанды интеллектіні жаппай меңгеріп жатыр – министр

0

Astana Open Dialogue алаңында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары оқу орындарында жасанды интеллект (ЖИ) саласында білім беруді кеңейту бағытындағы жоспарларын бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, әлемде “үлкен құзыреттілік революциясы” жүріп жатыр. Жаңа технологияларды меңгергендер еңбек нарығында басымдыққа ие болып, ал үйренуден бас тартқан немесе бейімделе алмаған мамандар біртіндеп шеттетіліп жатыр.

Сондықтан біз жаппай оқыту бағдарламасын іске қосып жатырмыз. Мақсатымыз – азаматтарға жасанды интеллекттің қалай жұмыс істейтінін түсіндіру. Бастапқы деңгейде болса да, оларды жаңа технологияның белсенді қолданушысына айналдыру, – деді Саясат Нұрбек.

Оның айтуынша, екі жыл бұрын “Coursera” платформасы арқылы қазақстандық студенттерге еркін қолжетімділік берілген. Нәтижесінде 400 мыңнан астам сертификат беріліп, бұл көрсеткіш әлем бойынша ең жоғары деңгейдің бірі болды.

Биыл министрлік Google және NVIDIA компанияларымен бірлесіп, жаңа курстар әзірлеген. Ақпан айынан бастап AI-Sana атты жоба іске қосылып, ол барлық студент пен оқытушыға қолжетімді. Қазіргі уақытта 20,5 мыңнан астам оқытушы оқудан өтіп, олардың 8 мыңы сертификат алды. Жыл соңына дейін барлық профессор-оқытушылар құрамы жасанды интеллект бойынша білім алады деп жоспарланып отыр.

Сонымен қатар ЖИ саласына арналған арнайы курстар жасалып, мемлекеттік білім беру стандартына енгізілген. Қазақстандағы 30-ға жуық университетте академиялық адалдық пен этика, ЖИ құралдарын қолдану бағыттары бойынша жеке орталықтар ашылмақ.

Мақсатымыз – барынша көп студентті қамтып, еліміздің әрбір жоғары оқу орнының түлегі жасанды интеллекттің базалық дағдыларын меңгеруі, – деп айтты министр.


ПІКІР ЖАЗУ