Қазақстан мен Армения барлық салада ынтымақтастықты нығайтып келеді

Қазақстан мен Армения арасындағы қарым-қатынастар тұрақты оң серпінге ие болып, негізгі бағыттардың бәрінде дамып келеді – саяси диалогтан бастап мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа дейін. Бұл туралы Сенаттағы отырыста ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамет Қонысбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, екіжақты қатынастардың дамуына 2024 жылы мемлекеттер басшыларының алғашқы ресми сапарлары маңызды серпін берген. Атап айтқанда, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ереванға сапары және Армения Президенті Ваагн Хачатурянның Астанаға жауап сапары тарихи оқиғаға айналды. Бұл сапарлар Достық және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 25 жыл толуымен тұспа-тұс келді.
Бүгінде парламентаралық байланыстар қарқынды дамып келеді, екі ел үкіметтері арасында белсенді ынтымақтастық орнады, сондай-ақ салалық министрліктер мен ведомстволар деңгейінде нәтижелі жұмыс жүргізілуде, – деді Қонысбаев.
Экономикалық салаға тоқталған дипломаттың сөзінше, екіжақты ынтымақтастық әлеуеті қазіргі көрсеткіштерден жоғары.
Өкінішке қарай, өзара тауар айналымының көлемі әлі де мүмкіндіктерімізге сәйкес келмейді. Сондықтан оны арттыру бағытында үкіметаралық комиссия мен министрліктер деңгейінде мақсатты жұмыс жүргізіліп жатыр, – деді Ермұхамет Қонысбаев.
Мәдени-гуманитарлық байланыстарға ерекше мән берілуде. Соңғы жылдары Қазақстанда Армения мәдениеті күндері және Арменияда Қазақстан мәдениеті күндері өтті, қазақ киносы мен театрының күндері ұйымдастырылды. Маңызды оқиғалардың бірі – Ереванда Абай атындағы саябақтың ашылуы болса, алдағы уақытта Астанада Маштоц атындағы көше пайда болады.
Инвестициялық әріптестік те белсенді дамып жатыр: Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларында армян сауда павильондары ашылды, ал «Қорғас» Халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығында Арменияның баж салығынсыз сауда павильоны жұмыс істеп тұр.
Қазір жоғары және ең жоғарғы деңгейдегі жаңа кездесулерге белсенді дайындық жүріп жатыр. Бізде мәдени-гуманитарлық және экономикалық салаларда зор әлеует бар, алда көптеген іс-шаралар жоспарланған, – деп түйіндеді Қонысбаев.
Белгілі болғандай, Қазақстан мен Армения заңсыз көші-қонмен бірлесіп күреседі.