Қазақстанда жастардың аграрлық ұйымы іске қосылды

Қазақстанда WFF Kazakhstan National Youth Chapter (Әлемдік Азық-түлік Форумы – Ұлттық жастар бөлімі) — жастардың азық-түлік қауіпсіздігі, тұрақты ауыл шаруашылығы және климаттық бастамалар саласындағы көшбасшылығын дамытуға бағытталған жаңа платформа өз жұмысын бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл жоба тек біздің елде ғана емес, бүкіл Орталық Азия аймағында ашылған алғашқы World Food Forum жастар бөлімшесі.Бастама БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен (ФАО) бірлесіп, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.
Чаптердің серіктестері қатарында ҚР АШМ, ФАО Қазақстан, сондай-ақ елдің жетекші жоғары оқу орындары — әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақ ұлттық аграрлық университеті (ҚазНАУ), Назарбаев Университеті, ҚазҒАСА және басқа да білім беру мекемелері бар.
Алдағы уақытта халықаралық донорларды, жастар және студенттік ұйымдарды тарту жоспарлануда.
Бүгінгі таңда Қазақстан халқының шамамен 29%-ын 14 пен 34 жас аралығындағы жастар құрайды, бұл – 5,7 миллионнан астам адам, олардың 2 миллионнан астамы ауылдық жерлерде тұрады.
World Food Forum ұлттық жастар чаптерінің құрылуы қазақстандық жастарды жаһандық сын-қатерлерді шешуге, соның ішінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуден бастап климаттың өзгеруіне бейімделуге дейін — белсенді іс-қимылға қатысуға тың мүмкіндіктер ашады.
Ауыл шаруашылығының болашағын жастардың белсенді қатысуынсыз елестету мүмкін емес. Біз World Food Forum алаңы жастар көшбасшылары үшін жаңа идеялар қалыптастыратын, инновациялық шешімдер әзірлейтін және аграрлық сектор мен елдің тұрақты дамуына нақты үлес қосатын орталыққа айналатынына сенеміз, — деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері.