Салық кодексі: Бизнес үшін не өзгереді?

0

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жаңа Салық кодексі шеңберінде енгізілетін негізгі жаңалықтарды таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, салық есептілігін ұсыну және қайтарып алу мерзімдері енді бөлек емес, біртұтас тәртіппен – қосымша декларация арқылы жүзеге асырылады. Егер салық төлеуші есептілікті мүлде тапсырмаса, ол “нөлдік” есеп ретінде қабылданады, кейіннен оны қосымша есеп арқылы түзетуге болады.

Вице-министрдің айтуынша, Қаржы министрлігі автоматтандырылған бақылау жүйесін енгізді. Бұл бастама бизнес қауымдастығы арасында кеңінен талқыланып, сынға ұшыраған еді. Ержан Біржанов бұл ретте ҚҚС-ты алдын ала төлеу талап етілмейтінін атап өтті.

Егер тауар нақты сатып алынбаса немесе қызмет көрсетілмесе, яғни тауардың шығу тегі расталмаса, кейбір салық төлеушілерге электронды шот-фактура жазу мүмкін болмайды. Бұл кезде автоматтандырылған бақылау іске қосылады, — деді ол.

Біржановтың түсіндіруінше, автоматты бақылауға дейін салық төлеушіге камералдық бақылау бойынша сәйкессіздік туралы хабарлама жолданады. Егер ол шот-фактураны кері қайтарып, қателікті түзетсе, бұзушылық жойылған болып саналады.

Қазір Қазақстанда 130 мыңға жуық ҚҚС төлеуші бар, олардың тек жылына шамамен 800-і ғана автоматтандырылған бақылау тобына ілігуі мүмкін. Бұған дейін камералдық бақылау нәтижесін шот-фактураны қайтарып жапқан кәсіпорындар жаңа тәртіпке автоматты түрде кірмейді – бәрі 2026 жылдан бастап “таза парақтан” басталады.

Бизнеске қолдау көрсету мақсатында банктік кепілсіз кейінге қалдыру және бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылған.

Тексерулер электронды форматқа көшеді

Жаңа ережелерге сәйкес, барлық жоспарлы салық тексерулері жойылады, салық төлеушілерді үш категорияға бөлу де енді қолданылмайды. Тексерулер тек жоспардан тыс және кезектен тыс жағдайда ғана жүргізіледі.

Кенет тексерулер болмайды. Барлық процесс электронды форматқа көшеді. Тек бір жағдайда – акт тапсыру кезінде офлайн кездесу мүмкіндігі сақталады, — деді вице-министр.

Құжаттарды сұрату, түсініктеме мен есептерді тапсыру сияқты барлық рәсімдер салық төлеушінің жеке кабинеті арқылы онлайн жүргізіледі.

Берешек өндіру тәртібі де өзгереді

Енді салық берешегін өндіру шаралары оның мөлшеріне қарай қабылданады:

• 20 АЕК-ке дейінгі берешек болса – тек хабарлама жіберіледі;
• 45 АЕК-ке дейін – берешекті өтеу туралы ескерту беріледі;
• 45 АЕК-тен жоғары болса – мүлікті тәркілеу және сату рәсімі басталады.

Сондай-ақ тексеру нәтижелері бойынша қайтару мерзімі – 55 жұмыс күні болып белгіленді.