Алматыда азық-түлік нарығын тұрақтандыруға 12 млрд теңге бөлінді

Алматы билігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру жұмысын жалғастыруда. 2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 8,4 пайызға өсті, бұл орташа республикалық деңгейден (8,1%) сәл ғана жоғары.
Жағдайды тұрақтандыру мақсатында жергілікті бюджеттен 12 млрд теңге бөлінді, оның 8,3 млрд теңгесі өндірушілерден өнімді тікелей жеткізу мен Magnum сауда желісінде бағаларды белгілеуге бағытталды. Бұл туралы Алматы қалалық өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында қала әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов мәлімдеді.
Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар 19 тауар түрі бойынша жалпы көлемі 26 мың тонна азық-түлікке келісімшарт жасалды. Алматыға ірі көлемдегі өнімдер өндірушілерден тікелей жеткізіліп отырады.
Сонымен қатар, қыс-көктем мезгіліне көкөніс жеткізетін ірі жеткізушілермен меморандумдар жасалды. 14 мың тоннадан астам өнім осы жылдың қарашасынан келесі жылдың мамырына дейін ірі сауда желілеріне жеткізіледі. Бұл қалада тапшылық пен бағаның күрт өсуіне жол бермеуге мүмкіндік береді.
«Біздің басым бағыттарымыздың бірі – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы. Өйткені бұл әр отбасының өмір сапасына тікелей әсер етеді. Сол себепті біз жүйелі әрі жедел түрде әрекет етеміз», – деп атап өтті Олжас Смағұлов.
Жүйелі жұмыс жергілікті және өңірлік өндірушілермен қатар жүргізіліп отыр. Бұл делдалдардың араласуын болдырмайды және нарықтағы алыпсатарлықты азайтады. Осындай тәсіл қаланың азық-түлік қауіпсіздігінің тұрақты жүйесін қалыптастырып, алматылықтарды негізгі азық-түлік тауарларымен тұрақты әрі қолжетімді бағамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.