Мораторий көктемге дейін: Үкімет жанармай бағасын ұстап тұруға уәде берді

0

Қазақстанда жанармай бағасын өсіруге енгізілген мораторийдің мерзімі туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин түсіндіріп берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, қазіргі шектеу кемінде келесі жылдың көктеміне дейін жалғасады.

Ең аз дегенде бұл көктемге дейін созылады. Бізге алдымен көрші елдердегі жағдайдың тұрақтануын күту керек. Қазір біз баға айырмасын қысқартуға тырысып жатырмыз, бірақ керісінше ол ұлғайып барады. Бұған екі себеп бар: біріншіден, валюта бағамындағы айырмашылық, екіншіден, кейбір көрші мемлекеттерде отын тапшылығы байқалып отыр. Ал тапшылық бағаның өсуіне итермелейді. Олар, бізден бөлек, бағаны реттемейді және ұстап тұрмайды, – деді Серік Жұманғарин Мәжілістегі брифингте.

Айта кетейік, 16 қазаннан бастап Қазақстанда АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасын өсіруге мораторий енгізілген болатын. Баға сол күнгі деңгейде бекітіліп, кейінгі өсуге уақытша тыйым салынды.

Еске салсақ, Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин елдегі бензин мен дизель отынының не себепті қымбаттағанына түсініктеме берген еді.