Салық кодексі: Сенат жаңа ережелерді іске асыру жолдарын талқылады

Сенаттың Қаржы және бюджет комитеті «Салық кодексінің жекелеген нормаларын іске асыру аясында құқықтық базаны қалыптастыру мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел отырысын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Комитет төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов өз сөзінде жаңа Салық кодексінің салық жүйесін ашық әрі әділ етуге, сондай-ақ бизнестің дамуына қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған стратегиялық құжат екенін атап өтті. Оның айтуынша, кодекстің толыққанды жұмыс істеуі үшін 240-тан астам заңнан кейінгі нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеп, қабылдау қажет.
Жаңа Салық кодексі салықтық әкімшілендіру рәсімдерін жеңілдетуді, артық жеңілдіктерді қысқартуды және мемлекет пен салық төлеуші арасындағы өзара қатынасты сервистік модельге көшіруді көздейді. Алайда бұл нормалар тиімді іске асуы үшін оларды нақтылайтын және салық жүйесінің толыққанды жұмысын қамтамасыз ететін заңнан кейінгі актілерді дер кезінде қабылдау маңызды, – деді Сұлтанбек Мәкежанов.
Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері жаңа Салық кодексін жүзеге асыру мақсатында 19 нормативтік-құқықтық акті әзірленіп жатқанын, олардың бірқатары қазірдің өзінде бекітілгенін айтты. Әсіресе салықтық жеңілдіктер мен арнайы режимдерді реттейтін жобаларға баса назар аударылып отыр.
Бизнес қауымдастық пен «Атамекен» ҰКП өкілдерімен талқылаулардан кейін оңайлатылған декларация негізінде арнайы салық режимін қолдануға тыйым салынған қызмет түрлерінің тізімі 795-тен 44-ке дейін қысқартылған. Бұл шешім жаңа жағдайға бейімделуді жеңілдетіп, шағын бизнесті қолдауға мүмкіндік береді.
Қаржы министрлігінің өкілі өз кезегінде Салық кодексін іске асыру шеңберінде 98 құқықтық акті әзірленгенін, олардың бір бөлігі қазірдің өзінде қабылданғанын хабарлады. Сондай-ақ барлық өңірлерде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Оған семинарлар мен баспасөз конференциялары, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар және жедел желі арқылы көрсетілетін кеңес беру қызметтері кіреді.