Түркістан қаласында өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті қарсаңында қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында ауқымды гарнизондық саптық таратылым өтті.
Іс-шараға ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов бастаған полиция басшылығы арнайы қатысып, дайындық жұмыстарын пысықтады.
Сапқа полицияның жеке құрамы, құқық қорғау және күштік құрылымдардың өкілдері, сондай-ақ ресми делегацияларды алып жүруге жұмылдырылатын қызметтік автокөліктер шығарылды.
Гарнизондық жиынды Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров өткізіп, халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шараны жоғары деңгейде өткізу үшін жұмылдырылған күштердің дайындығын тексерді.
Саптық жиын барысында қызметкерлердің сыртқы келбеті, қызметтік тәртібі, арнайы құрал-жабдықтары мен автокөліктердің техникалық жай-күйі бақылауға алынды.
— Халықаралық саммиттің қауіпсіз әрі тыныш өтуі үшін әрқайсыңыз өздеріңізге жүктелген міндетті мінсіз орындауларыңыз қажет. Бұл қызметте ұқыптылық, тәртіп пен заң талаптарын сақтау — басты қағида, — деді облыстың бас полицейі Арыстанғани Заппаров.
Қазіргі уақытта Түркістан қаласында қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Іс-шаралар өтетін аумақтар мен орталық көшелерде жаяу және автопатрульдер саны арттырылып, бейнебақылау жүйелері мен Жедел басқару орталығы арқылы тәулік бойы бақылау жүргізілуде.
