Түркістан облысында қоғамдық қауіпсіздікті күшейту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың құқықтық қорғалу деңгейін арттыру бағытындағы жұмыстар жаңа қарқын алды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында өңір үшін өзекті саналатын бірнеше маңызды мәселе жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, мүліктік қылмыстардың алдын алу, заңсыз ойын бизнесімен күрес, онлайн-казинолардың қызметін тоқтату, қаржылық пирамидалардың жолын кесу және азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселелері қаралып, жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктелді.
Жиында ең алдымен Ұрлықтарға қарсы іс-қимылдың 2024–2026 жылдарға арналған бағдарламасының орындалу барысы сараланды. Бағдарлама аясында пәтер ұрлығы, автокөлік ұрлығы, мал ұрлығы, қалта ұрлығы және ұялы телефондарды заңсыз иемдену деректерінің алдын алу бойынша атқарылған жұмыстарға талдау жасалды. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, өңірде жалпы қылмыс деңгейінің төмендеу үрдісі байқалғанымен, кейбір санаттағы құқық бұзушылықтар әлі де өзекті күйінде қалып отыр.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров құқық бұзушылықтың алдын алу тек полицияның ғана емес, барлық мемлекеттік органдардың ортақ міндеті екенін атап өтті. Оның айтуынша, аудан және қала әкімдіктері құқық қорғау органдарымен бірлесіп нақты профилактикалық іс-шараларды тұрақты ұйымдастырып, әсіресе ұрлық жиі тіркелетін елді мекендерде рейдтік жұмыстарды күшейтуі қажет.
– Өңірімізде қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Ұрлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейтіп, құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылын жүйелеу қажет. Сонымен қатар қаржылық алаяқтық, қаржылық пирамидалар мен лудоманияға қарсы профилактикалық жұмыстарды жаңа деңгейге көтеріп, заңсыз ойын бизнесіне тосқауыл қою бойынша нақты нәтижеге қол жеткізуіміз керек. Әрбір жауапты мекеме белгіленген тапсырмалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстап, қорытындысы жөнінде облыс әкімдігіне ақпарат ұсынсын, – деді өңір басшысы.
Алғашқы мәселе бойынша Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Жанаев баяндама жасап, өңірдегі криминогендік ахуалға тоқталды. Оның айтуынша, соңғы кезеңде жалпы қылмыс саны азайғанымен, ұялы телефон мен мал ұрлығының жекелеген фактілері бойынша өсім байқалады. Осыған байланысты Қазығұрт, Ордабасы, Сарыағаш, Сауран, Созақ, Келес және Төлеби аудандарындағы ахуалға арнайы талдау жүргізіліп, жергілікті атқарушы органдар мен полиция бөлімдерінің жұмысы күшейтілетіні айтылды.
Мәжілісте қоғамдық орындар мен көшелердегі бейнебақылау жүйелерінің санын көбейту, тұрғын үйлердің қауіпсіздігін арттыру, ауылдық жерлерде малды бірдейлендіру жұмыстарын жетілдіру және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жандандыру мәселелері де көтерілді. Мамандардың пікірінше, профилактикаға басымдық беру құқық бұзушылықтарды азайтудың ең тиімді тәсілдерінің бірі болып қала береді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе заңсыз ойын бизнесі, онлайн-казинолар және қаржылық пирамидалардың қызметіне қарсы күреске арналды. Бұл мәселе бойынша Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті бірінші жедел басқармасының бастығы Диас Тобатаев баяндама жасап, өңірде заңсыз ойын бизнесін анықтау және жолын кесу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берді.
Жиында соңғы жылдары интернет арқылы жұмыс істейтін онлайн-казинолар мен қаржылық пирамидалардың азаматтарға айтарлықтай қауіп төндіріп отырғаны айтылды. Әсіресе жастар арасында құмар ойындарға тәуелділіктің артуы алаңдаушылық туғызып отырғандықтан, бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстарды білім беру ұйымдары, жастар ресурстық орталықтары және бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен күшейту қажеттігі атап өтілді.
Сондай-ақ тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру, күмәнді инвестициялық жобалардан сақтандыру, интернет алаяқтарының әрекеттері туралы кеңінен ақпараттандыру және лудоманияның әлеуметтік зардаптарын түсіндіру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жауапты мекемелерге заңсыз ойын алаңдарына кешенді талдау жүргізіп, олардың қызметін тоқтату, алдын алу жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру жөнінде нақты міндеттер жүктелді.
Комиссия отырысының қорытындысында Түркістан облысында құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті нығайту және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болатыны айтылды. Өңір басшылығы мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысы, құқық қорғау құрылымдарының кәсіби қызметі және тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыру арқылы ғана қылмыс деңгейін төмендетуге және қоғамдағы заң үстемдігін нығайтуға болатынын атап өтті.
