ҮЗДІК ПЕДАГОГ-2021: ҰСТАЗ БОЛУ – ӨЗ УАҚЫТЫН АЯМАУ, ӨЗГЕНІҢ БАҚЫТЫН АЯЛАУ

0


Білім көшін ілгері жылжытып, ел қатарлы еңбек етіп отырған ұлағатты жанның бірі – «Үздік мұғалім – 2021» төсбелгісінің иегері шымкенттік ұстаз Асел Турышова дер едік. Өмірлік ұстанымы бар ол еңбекке деген құлшынысы мен табандылығының арқасында биік белестерге қол жеткізіп отыр.

Бүгінде қаладағы «Дарынды балаларға арналған №1 ІТ лицей-интернатында» биология пәнінің мұғалімі қызметін атқаратын Асел Мұратбекқызы 2007 жылы алғаш еңбек жолын бастаған каезден ізденімпаздығы мен жаңашылдығымен жас мамандар арасында ерекшеленіп тұрды.

Өз пәнін жетік білген білімді маман шәкірт тәрбиелеуде де аянып қалмады. Әр жылы педагогтың пәндік олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарына дайындаған шәкірттері алдыңғы қатардан көрініп, қалалық, облыстық, республикалық, жүлделі орындарды еншілеп жүр.

Еңбек жолын алғаш бастағаннан бүгінге дейін қалалық олимпиадада 28 оқушысы жүлдегер болса, республикалық білім жарысында 5 шәкірті жеңіс тұғырынан көрінген, 4 оқушысы халықаралық олипиадада жеңімпаз болған.

«Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» деген сөзді өмірлік ұстанымына айналдырған А.Турышова биология пәнінен бірнеше әдістемелік қолданбаға авторлық етеді. 7- сыныптарға арналған жиынтық бағалау тапсырмаларының жинағы, биология курсында қолданылатын тиімді әдіс-тәсілдер, «Жаңартылған білім бағдарламасы бойынша биология курсында қолданылатын тиімді әдіс-тәсілдер мен тапсырмалар жинағы» және «Қазіргі заманғы экологиялық мәселелер» 10-11 сыныптарға арналған авторлық бағдарламасы жаңартылған білім бағдарламасын кеңінен насихаттап, өзге әріптестері үшін білім бағыты болып қызмет етіп келеді.


ПІКІР ЖАЗУ