Қызылорда облысының шаруалары мал азығына берілетін субсидияны әкімдіктен талап етті

0

Бүгін, 25 шілдеде Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата университетінің «Студенттер сарайына» елуге жуық шаруа жиналып, мал азығына берілетін субсидияны талап етті. Олар мал азығы үшін бюджеттен кейінгі бірнеше жылда бөлініп келе жатқан субсидияның биыл берілмей қалғанына наразылығын білдірді.

— Сырдария өзені көктемде тасымай, жайылымсыз қалып отырмыз. Жем-шөп сатып алуға қаржымыз жетпейді, бұрын субсидия беріп келген, ол неге тоқтап тұрғаны түсінбедік, — дейді «Сұңқар» шаруа қожалығының басшысы Құлмағамбет Исаханов.

Шаруалар «әкімдіктің мал азығы үшін субсидия беріледі» деп сеніп жүргеніне алты ай болғанын, шыдамдары таусыла бастағанын айтып, «үш күн ішінде мәселе шешілмесе, аштық жариялауға дейін баратынын» айтты

— Облыс әкімі бізге үш күн ішінде жауап берсін, — дейді «Боранбай» шаруа қожалығының иесі Бейбітшілік Толыбаев.  Шаруалардың арызын тыңдауға Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Талғат Дүйсебаев келді. Оның сөзінше, мал азығына субсидия облыс бюджетінен бөлінеді. Ал Қызылорда облысының бюджетінде биыл субсидияға қаржы қарастырылмаған.

— Қазір Қызылорда облысы бюджеттен жалақы алатын мұғалімдерге 12 миллиард теңге қарыз. Әуелі сол қарыз төленеді. Ал мал азығына субсидия бюджеттің мүмкіндігіне қарай беріледі, — дейді Талғат Дүйсебаев. Оның сөзінше, Қазақстаннның кейбір облыстары мал азығы үшін субсидия беруі мүмкін.

Басқарма бастығы шаруалардың «2021 жылы да мал азығы үшін субсидия берілді» деген сөздерін теріске шығарды. Оның айтуынша, Қызылорда облыстық бюджетінен мал азығына 2021 жылы да субсидия бөлінбеген. Былтырғы субсидия облыста болған қуаңшылыққа байланысты мемлекет резервіндегі қаражат есебінен берілген. Шаруалар басқарма бастығының жауабына қанағаттанбай, тамыздың біріне дейін субсидия берілмесе қайта жиналуға уағдаласып, тарқады. Қазақстанда мал шаруашылығына берілетін субсидиялар тізімі жасалған. Одан өзге, субсидиялау бағыттары мен нормативтерінің де тізбесі бар. Бұл тізбеде «Ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басының азығына жұмсалған шығындар құнын арзандату» жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатыны көрсетілген.



ПІКІР ЖАЗУ