Каспий құбыр консорциумындағы жөндеу жұмыстары аяқталды

Каспий құбыр консорциумының Теңіз терминалында ВПУ-3 сыртқы айлақ құрылғысындағы жөндеу жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы консорциум мәлімдеді.

Мұнда су астындағы шлангілер мен су астындағы жеңдердің бір бөлігі ауыстырылды. Ал 21 қаңтар күні ВПУ-дың жүк жүйесіне гидросынақ жүргізілді, су астындағы мұнай құбырында сүңгуірлер соңғы манифольдті ашып, мұнайды қайта тиеуге арналған танкер қойылды, – делінген хабарламада.

ВПУ-3-тегі жөндеу жұмыстарының мерзімі мен көлемін Украина Қарулы күштерінің (ВСУ) экипажсыз катер арқылы ВПУ-2-ге әдейі жасаған террористік шабуылынан кейін оңтайландыруға тура келген. Өйткені ВПУ-2-ні одан әрі пайдалану мүмкін болмай қалған. Мұнай жөнелтушілердің жылдық жоспарға сәйкес өтінімдерін орындау кемінде екі ВПУ бір мезгілде жұмыс істеген жағдайда қамтамасыз етіледі.

ВПУ-3-те шлангілерді ауыстыру жұмыстары күрделі гидрометеорологиялық жағдайда жүргізілді. Жылдың осы мезгіліне тән су астындағы ағыстар жылдамдығының жиі өзгеруіне байланысты сүңгуірлер тобының қауіпсіз түсуі бірнеше мәрте үзіліп отырды. ВПУ-да шлангілерді ауыстыру – Теңіз терминалындағы барлық жүк айлақ кешендерінің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етуге арналған жоспарлы, қалыпты операция. Мұндай жұмыстар әрбір сыртқы айлақ құрылғысында жылына кемінде бір рет жүйелі түрде жүргізіледі, – деп түсіндірді КҚК.

Қазіргі уақытта консорциумның Теңіз терминалында мұнай жөнелту жұмыстары ВПУ-1 және ВПУ-3 арқылы штаттық режимде жүргізіліп жатыр.