The Dala Times ақпараттық сайты
Ақпарат

«Казкомплект и К: мемлекеттік қолдау шаралары шығындарды өтеуге және өндіріс көлемін арттыруға ықпал етуде

Қазіргі таңда өнеркәсіп кәсіпорындары үшін өндірісті жаңғырту мен жаңа технологияларды енгізу маңызды міндеттердің біріне айналып отыр. Алайда мұндай міндеттерді орындау едәуір қаржыны талап етеді. Ал жеткілікті ресурстың болмауы кәсіпорындардың дамуын тежейді. Осындай жағдайда мемлекеттік қолдау шаралары аса маңызды. Өйткені, ол – отандық өндірістерді жаңа белеске шығарудың тиімді құралы саналады.

QazIndustry ұсынып отырған кәсіпорындар шығындарының бір бөлігін өтеу тетіктері бизнес үшін жаңғыртудың нәтижелі жолдарының бірі ретінде қалыптасты. Бұған Екібастұз қаласындағы электр жабдықтарына арналған қосалқы бөлшектерді өндіру және жеткізу бойынша жетекші компаниялардың бірі саналатын «Казкомплект и К» кәсіпорнының табысты тәжірибесі дәлел болып отыр.

Кәсіпорын нарықта 18 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Алғашында компания жинақтаушы бөлшектерді жеткізумен айналысқан, кейін, яғни 2013 жылы осы өнімдерді өндіретін өз зауытын іске қосты. Осылайша, шағын сауда өкілдігінен толыққанды өндірістік кәсіпорынға дейінгі өсудің жарқын үлгісін көрсетті.

Бүгінде кәсіпорында қозғалтқыштар мен генераторларға арналған электр щеткалары, щетка ұстағыштар, сондай-ақ электр қозғалтқыштары мен ток қабылдағыштарға арналған күрделі құрамдас бөлшектер өндіріледі. Тау-кен, мұнай-газ және энергетика салаларындағы ірі жер қойнауын пайдаланушылар және ұлттық компаниялармен жұмыс істеу кәсіпорын қызметіне жоғары талаптар қойды. Осы ретте, тапсырыстар көлемінің артуы және өнім сапасына қойылатын жоғары талаптар өндірісті жаңғыртуды қажет етті. Осыған байланысты компания 2024 жылы Қытайдан құны 46 млн теңгені құрайтын заманауи жоғары технологиялық станоктар паркін сатып алды.

Жаңа жабдық өнім шығаруды жеделдетіп қана қоймай, бөлшектерді дайындау дәлдігін едәуір арттыруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде еңбек өнімділігі 30%-ға өсіп, өнім шығару көлемі 25%-ға артты, ал өндірістік ақау деңгейі 60%-ға қысқарды.

Инвестициялық шығындардың компания бюджетіне елеулі салмақ түсіретінін ескере отырып, кәсіпорын басшылығы мемлекеттік қолдау шараларын пайдалануға шешім қабылдап, QazIndustry орталығына жүгінді. Нәтижесінде 2025 жылдың қазан айында технологиялық жабдық сатып алуға жұмсалған шығындардың 40%-ы, яғни 18,4 млн теңге өтелді. Осының арқасында «Казкомплект и К» компаниясының тынысы ашылып, бұрын тиісті қажеттілікке жұмсалатын қаржыны өндірісті дамытуға бағыттауға мүмкіндік алды.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі нақты секторды қолдауды күшейтіп, бизнесті ынталандыру тетіктерін тұрақты түрде кеңейтіп келеді. Мәселен, өткен жылдан бастап алғаш рет қазақстандық компаниялардың басым тауарларды ел ішінде теміржол арқылы тасымалдау шығындарының 50%-ы өтеле бастады, сондай-ақ өнімді халықаралық сертификаттауға жұмсалатын шығындарды өтеу көлемі бес есеге артты.

Өнеркәсіптік кәсіпорындарға мемлекеттік ынталандыру шаралары QazIndustry ұлттық операторы арқылы ұсынылады. Бұл кәсіпорындарға өндірісті жаңғырту мен өнімді ілгерілетуге жұмсалған шығындарының бір бөлігін өтеуге мүмкіндік береді.

Бизнесті ынталандыру шаралары туралы толық ақпарат https://qazindustry.gov.kz/ru сайтында («Бизнесті ынталандыру» бөлімі) орналастырылған.

Сонымен қатар әр сейсенбі және бейсенбі күндері QazIndustry кеңсесінде (Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 17, Е блогы) Ашық есік күндері өткізіледі.

Кеңес алу үшін +7 (7172) 79 33 99 телефоны арқылы хабарласуға болады.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстанда 2050 жылға қарай зейнеткерлер саны 4 есе артады

admin

Мектептерде сапалы интернет көрсеткіші үш есеге артты

admin

Өткен оқу жылының қорытындысымен 95 Түлкібастық түлек алтын белгіге қол жеткізген

admin