The Dala Times ақпараттық сайты
АқпаратБасты жаңалықҚоғамСаясат

Шардара су қоймасында қауіпсіздік күшейтілді: патрульдік жұмыстарға заманауи жүзу құралы тартылды

Жазғы шомылу маусымында тұрғындар мен демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Шардара ауданында профилактикалық және бақылау шаралары күшейтілуде. Осыған байланысты Шардара су қоймасы аумағындағы арнайы жағажайларда күнделікті патрульдік жұмыстар ұйымдастырылып, қауіпсіздік талаптарының сақталуына тұрақты бақылау жүргізілуде.

Аталған жұмыстарға «Арал-Сырдария» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Түркістан облысы бойынша бөлімінің мамандары жұмылдырылған. Биыл патрульдеу тиімділігін арттыру мақсатында инспекция теңгеріміндегі заманауи «Corvet 600» жүзу құралы пайдалануға берілді. Бұл техника су айдынындағы жағдайды жедел бақылауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және төтенше жағдай туындаған жағдайда шұғыл әрекет етуге мүмкіндік береді.

Мамандардың айтуынша, жаз мезгілінде Шардара су қоймасына келушілер саны айтарлықтай артады. Осыған байланысты судағы қауіпсіздік талаптарының сақталуын қадағалау, азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу және рұқсат етілмеген аймақтарда шомылудың алдын алу негізгі міндеттердің бірі болып отыр.

Патрульдеу барысында демалушыларға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, балаларды қараусыз қалдырмау, құтқару құралдарымен жабдықталған арнайы жағажайларда ғана шомылу және қауіпсіздік белгілерінің талаптарын сақтау қажеттігі ескертіледі. Сонымен қатар су көліктерін пайдалану тәртібі мен балық аулау қағидаларының сақталуына да бақылау жүргізіледі.

Жауапты мекемелердің мәліметінше, судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін профилактикалық жұмыстар шомылу маусымы аяқталғанға дейін үздіксіз жалғасады. Бұл бағыттағы жұмыстарға төтенше жағдайлар қызметі, жергілікті атқарушы органдар және құқық қорғау құрылымдары да белсенді түрде қатысуда.

Мамандар азаматтарды өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, белгіленген талаптарды сақтауға шақырады. Өйткені судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау – қайғылы жағдайлардың алдын алудың ең тиімді жолы.

Шардара су қоймасындағы күнделікті патрульдік бақылау өңір тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіз демалысын қамтамасыз етуге және су айдындарындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған маңызды шаралардың бірі болып қала береді.

Ұқсас жаңалықтар

Әйелдерді тонаушы ұсталды

admin

Түркістандағы әуежайдың әлеуетін көтеру жолдары талқыланды

admin

Абайлаңыз, темір жол өткелі!

admin