Түркістандық құрылысшылар төрт отбасыға баспана сыйлады
Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков құрылысшыларға әлеуметтік қажеттілігі бар тұрғындарды үймен қамтамасыз ету бастамасын көтерген болатын. Бүгін сол бастама өз жемісін беріп, төрт отбасы қоныс тойын тойлады. Шаһардың құрылыс жүргізуші мердігер компаниялары бірігіп өз кәсіби мерекелерінде өзгелерге қуаныш сыйлады. Әр отбасыға ұсынылған үш бөлмелі үй қажетті жиһазбен және тұрмыстық техникалармен қамтамасыз етілді. Мерекелік іс-шарада құттықтау сөз алған қала әкімі:
Бүгін біз өнегелі істің куәсі болып отырмыз. Ел ішінде: «Жамандық пайда етпейді, Жақсылық зая кетпейді» деген қанатты сөз бар. Қайырымды болу – адамның болмысына біткен ізгі амал. Маңайыңдағы адамдарға мейірімділік пен ізгілік таныту – адамгершіліктің белгісі. Ал, адамзаттың барлығына «бауырым» деп қарау Абайдан қалған өсиет.
Осы өсиетке адалдық танытып, бүгінгі игі істің бастамашысы болған қаламыздағы құрылысшылар қауымына шынайы алғысымды білдіремін!- деп, мерекелік құттықтауын арнады.
Мерекелік жиын барысы құрылыс саласының үздіктеріне құрмет көрсетумен жалғасты. Қалалық Құрылыс бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Жақсылыққа облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының алғыс хаты табысталды. Сонымен қатар, шаһардың құрылысына атсалысып жүрген азаматтарға қала әкімінің арнайы марапаттары берілді.