Отырар: аудан әкімінің кезекті кездесуі қарғалыда өтті
Аудан әкімі кезекті кездесуін Қарғалы ауыл округінің тұрғындарымен өткізді. Кездесуде ауыл округінде атқарылатын жұмыстарды баяндап, тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Бұған дейін 3 мамыр күні Қарғалы округі тұрғындарымен кездесу жиынында тұрғындар тарапынан 7 мәселе көтерілген болатын. Аталған мәселелер аудан басшысының бақылауына алынып, жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асуда.
Атап айтқанда, ауыл округіне қарасты Д.Алтынбеков каналының ПК194+42-ден ПК205-15 аралығындағы канал ұлтанын 47 см-ге төмендету бойынша жұмыс жобасы толық аяқталды. Мұнан бөлек, «Қызыл ту» насос станциясындағы 6 дана «СНП-500» маркалы электр насостары күрделі жөндеуден өткізіліп, қажеттілігіне қарай 4-данасы іске қосылған болатын. Орнатылған насостар арқылы Арыс өзенінен 1,8 м3/сек су шығарылып, егістік алқаптары суғарылуда. Бүгінгі таңда ауыл округі бойынша 40 га жүгері, 25 га бақша дақылдарына және елді мекендегі үй іргелік жерлерге ағын су жетпей отыр. Осыған орай, «Қызыл-Ту» насос станциясына тағыда қосымша 2 дана «СНП-500» маркалы насостар орнатылып, іске қосылды.
Сондай-ақ, Т.Ибрагимов көшесін асфальттау үшін сметалық құжаттары дайындалып (Ұзындығы 2,8 км, сметалық құны – 61,0 млн теңге), «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасына енгізілді. 2023 жылға арналған республикалық бюджеттен тиісті қаржы қаралады деп күтілуде.
Кездесуде аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов алда атқарылатын жұмыстарға да тоқталып өтті. Айта кету керек, Қарғалы ауылының газ құрылысы жыл соңына дейін жүргізіліп пайдалануға беріледі. Сонымен қатар биыл аудандық бюджет есебінен Қарғалы ауылындағы Бейбітшілік көшесіне, Отырар ауылының Әділет көшесіне тас жол төселетін болады.
Кездесу жиынында тұрғындар көкейде жүрген сауалдарын қойып, мамандар тарапынан тұщымды жауаптар алды. Жиын соңында аудан басшысы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, әлеуметтік көмек, жұмыссыздық, жайылымдық жер алу мәселелері бойынша өтініштерін тыңдады.