Отырар: Шәмші тойы – қазақ тойы

0

Таңнан таңға тамсандырған,

Бар қазаққа ән салдырған,- деп ұлы сазгердің жан досы, інісі Мұхтар Шаханов айтпақшы Шәмші десек әсем де жан тебірентерлік ән әлемі көкірегімізге ұялай кетеді. Еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін айтатын  «Вальс каролінің» әрбір әні әр қазақтың жүрегінен орын алды десек қателеспейміз.

Мемлекет басшысының Жарлығымен қазақ халқының музыка өнерін дамытудағы айрықша еңбегі үшін композитор Шәмші Қалдаяқовқа жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілген болатын.

  Бүгін 15-ші тамыз ән падишасы  Ш.Қалдаяқовтың 92 жылдығына арналған «Әнім сен едің» атты «Шәмші саябағында өткен іс-шара – ұлы сазгердің ескерткішіне гүл қою рәсімі, кітап және сурет көрмесімен жалғасып, Шәмші музей үйін тамашалаумен бастау алды. Одан соң Отырар аудандық мәдениет сарайының қыздар дуэті шырқаған «Отырардағы той» әні халықтың көңілінен шықты. Жиынның ашылу салтанаты рәсімінде аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов отырарлықтарды Шәмшінің 92 жылдық мерейтойымен құттықтау сөзінен кейін, белгілі композитор, Шәмшітанушы  Қалдыбек  Құрманәлі  құттықтау сөз сөйлеп, ізгі лебізін білдірді. Одан әрі аудан өнерпаздарының  дайындаған мерекелік концертімен жалғасын тапты.

Елімізге танымал жезтаңдай әнші жерлесіміз Маржан Танашованың орындауындағы «Ақмаңдайлым», «Ақсұңқарым», С.Әбдірайымов орындаған «Арыс жағасында», бастау триосы орындаған «Қайықта» әндері жан тебірентіп ұлы сазгерді тағы бір рет есімізге түсірді.

Ұлы сазгердің әрбір әнінің өзіндік сыры, тарихы бар. «Сыған серенадасы», «Өмір-өзен» сынды әндерінің тарихы сазгердің соқтықпалы, соқпақсыз өмірінен сыр шертеді. Ән кешінің соңы әншілер тобы орындаған «Шалқыған Шәуілдір» әнімен қорытындыланды.


ПІКІР ЖАЗУ