Түркістан: жаңа тарифтік саясат коммуналдық желілердің тозу көрсеткішін төмендетеді
Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тарифі саясатына көшу керектігін тапсырған еді. Осы бағдарлама аясында ҚР Ұлттық экономика министрлігі тарапынан қазіргі таңда «Табиғи монополиялар туралы» Заңына өзгерістер енгізілді. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Түркістан облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысы Қанат Оралов айтты.
Жолдауда Президент: «Елімізде электрмен жабдықтау желілерінің үштен екісі, жылу коммуникацияларының 57 пайызы және сумен жабдықтау желілерінің жартысына жуығы тозған», деді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы тарифтерді жасанды тежеу электр жарығын сөндіруге, жазатайым оқиғаларға, соның салдарынан азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретінін, осы ретте монополиялық нарықтарда «Инвестицияға айырбас тарифі» жаңа тарифтік саясатына көшу қажеттігін атап өткен-ді.
Қанат Орынбайұлының айтуынша, бұл бағдарлама арқылы тарифтердің, оның ішінде орташа тарифтердің өсуі есебінен инженерлік инфрақұрылымдардың тозу деңгейі төмендемек.
– Заңға өзгеріс енгізілгеннен кейін субъектілер өңірдегі экономикалық қызмет түрлері бойынша бір қызметкердің орташа айлық жалақысын өзгерту, теңгерімге және мүлікті сенімгерлік басқаруға алу, бекітілген инвестициялық бағдарламаны ұлғайту сияқты мәселелер бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментіне жүгіне алады. Сондай-ақ, қосымша инвестициялар тарту есебінен жөндеу жұмыстарын ұлғайту арқылы коммуналдық желілердің тозуын төмендетуге мүмкіндік беріледі. Ол алдағы 6-8 жылда 15%-ға дейін төмендейді. Яғни бұл электрмен, жылумен, сумен жабдықтау және су бұру салаларындағы желілердің тозуын азайтуға бағытталады. Нәтижесінде, авариялар, ажыратулар саны азайып, ұсынылған қызметтердің сапасы мен сенімділігі артады, — деді Қанат Орынбайұлы.
Сондай-ақ, Қанат Орынбайұлы тарифтердің өзгеруі барысы қалай жүзеге асатынына тоқталды.
– Тарифтердің деңгейінің қалай өзгеретіні бір мезетте емес, бірте-бірте әр жылға қарай қаралады. Ол субъектілердің өтінімі негізінде жүзеге асырылады. Сондай-ақ, коммуналдық салада қызмет ететін субъектілердің әрбірі бойынша жеке-жеке тәртіппен, Заңның жаңа редакциясына сай тұтынушыларды, қоғамдық бірлестіктерді, эксперттерді қатыстырумен тарифтері мұқият қаралады. Тарифтер мен инвестициялық бағдарламаларды бекіту алдында уәкілетті орган жария тыңдаулар өткізеді. Онда тариф пен инвестициялық бағдарламаның жобасы тұтынушылар, қоғамдық бірлестіктер алдында субъектпен қорғалады, — деді Қанат Оралов.
Түркістан облысының энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Роза Сариеваның мәліметіне сүйенсек, өңірдегі 831 елді мекеннің 86,5%-ы ауыз сумен, 56 пайызы табиғи газбен қамтылған. Ал биыл 47 электрмен қамтамасыз ету құрылысына бюджеттен 7,1 млрд теңге қаралған. Сондай-ақ, облыс көлемінде 7 аудан, қалада 20 орталықтандырылған жылу қазандықтары және 1 жылу электр орталығы бар.
Айта кетейік, «Энергопоток» ЖШС-ның электр энергиясын бөлшек саудада өткізудің шекті бағасы — 23,47 теңге. Оның ішінде жеке тұлғаларға — 16,04 тг, заңды тұлғаларға — 31,99 тг, бюджеттік мекемелерге — 35,70 тг және ӘМАТ (Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік) тауарларын өндіруші топтарға — 23,47 тг.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі