2084 жылы әлемде өлім-жітім көбейеді: Қазақстанды не күтіп тұр?

0

 Өлім-жітім мәселесі – кез келген қоғам үшін аса күрделі әрі әртүрлі пікір тудыратын тақырып. Әлем халқы көбейген сайын табиғи түрде қайтыс болатын адамдар саны да өсіп отыр. Worldometers мәліметінше, Жер бетінде осы тәуліктің өзінде 83 мыңнан астам адам көз жұмған. Ал жылдың басынан бері 39,2 млн-нан аса адам қайтыс болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жаһандық үрдістер

БҰҰ дерегіне сәйкес, 2023 жылы дүниежүзінде 61,7 млн адам қайтыс болып, 132,1 млн нәресте туған. Бұл – табиғи өсімнің 70,5 млн адамды құрағанын көрсетеді. Дегенмен ұзақ мерзімді келешекте туу көрсеткіші біртіндеп төмендейді: 1950 жылы әр мың адамға шаққанда 36,8 бала туса, 2023 жылы бұл көрсеткіш небәрі 16,3-ті құрады.

БҰҰ болжамы бойынша, 2084 жылға қарай дүниеде алғаш рет қайтыс болғандар саны туғандардан асып түседі. Яғни халық санының арту қарқыны тоқтап, керісінше қысқару кезеңі басталады. Бұл демографиялық ауысым экономикалық және әлеуметтік саясатқа жаңа сын-қатерлер әкелмек: еңбек ресурстары азаяды, зейнетақы жүйесіне салмақ түседі, ал қартаю үдерісі жылдамдайды.

Қазақстандағы жағдай қандай?

Қазақстанда әзірге табиғи өсім оң көрсеткіште қалып отыр. 2024 жылы 365,9 мың бала дүниеге келіп, 132,9 мың адам қайтыс болған. Нәтижесінде халық саны 233 мың адамға өскен. Бұл – БҰҰ болжамынан сәл төмен, бірақ жалпы үрдісті өзгертпейді.

Болжамдарға сенсек, 2050 жылы табиғи өсім шамамен 230,8 мың адамды құраса, 2084 жылы да Қазақстанда туғандар саны қайтыс болғандардан 147,3 мың адамға көп болады. Яғни, әлемдік деңгейде теріс динамика қалыптасқан кезеңде де біздің ел оң балансты сақтайды.

Бұл фактор Қазақстанды Орталық Азиядағы демографиялық тұрғыдан «жас» елдердің қатарында ұстайды. Демек, еңбек күші мен тұтынушылық сұраныс әлі ұзақ уақыт тұрақты болады. Бірақ туу көрсеткішінің төмендеу үрдісі бізде де байқалып отыр, сондықтан ұзақ мерзімде саясаткерлер бұл салаға жіті назар аударуы тиіс.

Өлім-жітім себептері: Қазақстан мен әлемдегі айырмашылықтар

ДДСҰ мәліметіне сүйенсек, дүниежүзінде өлім-жітімнің негізгі себептері – жүректің ишемиялық ауруы, инсульт, қатерлі ісіктер, қант диабеті мен тыныс алу жолдарының аурулары. Қазақстандағы статистика да ұқсас, бірақ өзіндік ерекшеліктері бар: елімізде жүрек-қантамырлары аурулары бірінші орында, одан кейін жүйке жүйесі аурулары мен қатерлі ісік тұр.

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында елімізде қайтыс болғандар саны 64,6 мыңды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,3%-ға төмендеген. Бұл – денсаулық сақтау жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалар белгілі бір нәтижесін беріп жатқанын көрсетеді.

Жаһандық деңгейде 2084 жылдан бастап табиғи өсім теріс динамикаға ауысса да, Қазақстанда бұл үрдіс кешірек басталады. Дегенмен туу көрсеткішінің баяу төмендеуі мен халықтың қартаюы біз үшін де өзекті сын-қатер болып қала бермек.

Қазақстанның артықшылығы – табиғи өсімнің ұзақ уақыт оң бағытта сақталуы. Бірақ бұл артықшылықты тиімді пайдалану үшін мемлекет қазірден бастап денсаулық сақтау сапасын арттырып, жастарға қолдау көрсетіп, көші-қон саясатын дұрыс жолға қоюы қажет.


ПІКІР ЖАЗУ