Цифрландыру, ЖИ және жауапты бизнес – экономиканы көтеретін жаңа тетіктер

Қазақстан экономикасының болашағы инвестиция тарту саясатының тиімділігіне тікелей байланысты. Соңғы жылдары шетелдік капитал ағымының төмендеуі мен ішкі инвестиция құрылымындағы теңгерімсіздік елге жаңа тәсілдер қажет екенін көрсетті. Осы ретте Қазақстан инвесторлар қауымдастығы экономикалық реформаларды тереңдетіп, бизнестің сенімді серіктесі ретінде жаңа инвестициялық саясат ұсынуда. Бұл туралы «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында Кеңес Төрағасы Болат Ақшолақов айтты.
Осы мақсатта құрылған Қазақстан инвесторлар қауымдастығы экономикалық стратегияны қайта қарауда маңызды рөл атқарып отыр.
Инвесторлар қауымдастығы мақсаттары
Ұйымның басты мақсаты – экономикалық реформаларды іске асыруға ықпал ету, инвестициялық ахуалды жақсарту және ірі бизнес мүдделерін қорғау. Бұл бағыттар Президент айқындаған ұлттық басымдықтармен үйлеседі.
Ірі бизнес пен салалық қауымдастықтардың ұсынысы негізінде біз бес жүйелі басымдыққа мән беретін күн тәртібін әзірледік. Олардың әрқайсысы бойынша нақты ұсыныстарымыз бар. Мәселен: салықты әкімшілендіруді цифрландыру, тиімді жекешелендіру, монополияға қарсы саясатты жетілдіру, сатып алу жүйесін жаңарту. Біз экономиканың сапалы өсімі үшін екі негізгі жағдай: ырықтандыру мен қайта реттеуге сүйенуіміз қажет. Олардың тиімді іске асырылуы заманауи құралдар – цифрландыру мен жасанды интеллектті қолдану арқылы ғана мүмкін болады. Бұл – экономиканы жаңа деңгейге көтеруге қабілетті «көтергіш әсері», — деп атап өтті Қазақстан инвесторлар қауымдастығының төрағасы Болат Ақшолақов «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында..
Қауымдастық жаңа экономикалық үлгі аясында бес негізгі бағытқа назар аударуды ұсынып отыр:
- салықтық әкімшілендіруді цифрландыру;
- тиімді жекешелендіру;
- монополияға қарсы саясатты жетілдіру;
- сатып алу жүйесін жаңарту;
- реттеуіш процестерді оңтайландыру.
Цифрландыру мен ЖИ – экономиканы жаңғыртудың құралы
Ұйымның ұсыныстарының бірі – заңнамалық базаны жүйелі қайта қарау және бизнеске кедергілерді азайту үшін жасанды интеллектті пайдалану. ЖИ негізінде заңнаманы талдау, бизнес-процестерді оңтайландыру және мемлекеттік басқаруды бюрократиясыздандыру көзделуде.
Инвестициялық ахуал
2024 жылы Қазақстанға тартылған шетелдік инвестиция 28,5%-ға азайып, 17,2 млрд долларды құрады.
Өкінішке қарай былтыр шетелдік инвестицияның жалпы түсімі 17,2 миллиард долларға дейін төмендеді. Осы орайда, алғаш рет олардың таза жылыстауы байқалды. Сонымен қоса, 2024 жылы Қазақстанда негізгі капиталға инвестиция 7,5 пайызға өскені тіркелді. Бұл негізінен төртінші тоқсанда байқалды. Бұл көбінесе жыл соңында мемлекеттік қаржыландырудың бірден ұлғаюының салдарынан болды. 2024 жылы негізгі капиталға инвестиция өсімі жеке қаржы үлесінің бір мезетте қысқаруымен бюджет есебінен жүргізілді, — дейді Болат Ақшолақов.
Айтуынша, 2025 жылдың қаңтар-маусымында жағдай біршама оңалды: негізгі капиталға инвестиция көлемі 19,3%-ға өсіп, 8,2 трлн теңгеге жетті. Оның 70%-ы шағын және орта бизнеске тиесілі болды.
Салық пен сатып алудағы жаңа тәсілдер
Қазақстан инвесторлар қауымдастығының мәліметінше, қазір салықтың 90%-ын бар болғаны екі мың ірі компания төлейді. Ал екі миллионға жуық шағын және орта бизнес субъектілері небәрі 10% үлеске ие. Осыны ескере отырып, қауымдастық салық жинау процесін банктермен әріптестік арқылы цифрландыруды ұсынып отыр.
Сатып алу жүйесінде бағаға емес, сапаға басымдық беру, өндірушіден тікелей алу, жеткізушілерді цифрлық скорингпен бағалау және оффтейк-келісімшарттарды кеңейту көзделген.
Жекешелендіру және әділ бәсеке
Қауымдастықтың пікірінше, жекешелендіру асығыстықпен емес, стратегиялық көзқараспен жүргізілуі тиіс. Алдымен мемлекет үшін қажет салаларды анықтап, қалғанын реформалап, тартымды актив ретінде нарыққа шығару ұсынылады.
Сонымен қатар, антимонополиялық саясатты жаңарту қажеттілігі айтылды. Негізгі мақсат – ішкі нарықта әділ бәсекелестікті сақтап, отандық компаниялардың сыртқы нарықтағы мүмкіндігін шектемеу.
«Ұлттық тірек-50»: жауапты бизнестің рейтингі
Қоғамдағы кәсіпкерлік табысқа деген теріс көзқарасты өзгерту үшін «Ұлттық тірек-50» ұлттық рейтингі іске қосылмақ. Бұл жоба экономика мен әлеуметтік салаға үлес қосып жүрген компанияларды анықтап, олардың тұрақты даму мен әлеуметтік бастамалардағы рөлін бағалауға мүмкіндік береді.
Әлемдік тәжірибеде мұндай рейтингтер бизнес беделін арттырып, қоғамдағы сенімді күшейтетін маңызды құрал саналады.
Қазақстан инвесторлар қауымдастығы ұсынған бастамалар елдің жаңа экономикалық курсын айқындауда басты тетіктердің бірі болып отыр. Цифрландыру, сапалы салық жүйесі, әділ бәсеке мен жауапты бизнесті қолдау – алдағы жылдардағы реформалардың негізгі өзегі болады, — деді Болат Ақшолақов.