Айқаптықтар қоқыс иісіне тұншығып отыр

0

Тұран ауданына қарасты Айқап шағынауданының тұрғындары үй жанында орналасқан қоқыс алаңшасына қатысты наразылығын білдірді. Сөздерінше 30 үйге қойылған дүңгіршекке өткен кеткеннің бәрі қоқыс тастайды. «Салдарынан жағымсыз иіске тұншығып отырмыз»,- дейді.

 Айқап шағынауданының тұрғындары 30 жыл бұрын қойылған қоқыс дүңгіршегіне көңілі толмайды. Олар небәрі 30 пәтер тұрғындарына ғана арналған дүңгіршекке керек емес зат тастайтындар көп деп отыр.

Айқап шағынауданының тұрғыны: «Сонау 30 жыл бұрын қойылған. Әркім бір келіп жолда болған соң қоқысын тастап кетеді. Сасып кетті, мұнда тұру мүмкін емес. Не деген санасыздық, малдың да, құрылыс қоқысын да тастап кетеді».

Тұрғындардың арызын тыңдауға Тұран аудандық санитариялық- эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы келді. Ол мәселеден хабардар екенін айтып, шешім қарастырылып жатқанын жеткізді.
Мұрат Бейсенбаев, Тұран аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы: «Мына қоқыс алаңшасының осында тұрғанына біз қарсымыз 9 метрде балабақша орналасқан, жекеменшік үйлерге де жағымсыз иіс таралып жатыр. Біз оның орнын ауыстыру жөнінде қала әкімдігіне ұнысыпен шықтық. Бұл бағытта жұмыс жүргізілуде».

Ал құрылғанына 7 ай болған жаңа Тұран ауданы әкімдігінің қызметкерлері қоқыс орнынан алмаспайды дейді. Сөздерінше, әр қоқыс дүңгіршегі орналасқан жердің мемлекеттік актісі бар.

Дәурен Балжанов, Тұран ауданы әкімдігінің коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы: «Мемлекеттік актісі бар. Сондықтан қоқыс алаңшасы орнында қалады. Ол жерден қоқысты уақытылы алып кетуі мен дезинфекция жұмысын жасауды тиісті мекемеге міндеттейміз. Оның орындалуын қадағалаймыз. Ал балабақша және осы төңіректегі нысандарға келетін болсақ, олардың  заңдылығын тексереміз».

Бұл шешіммен келіспеген жеке сектордағы айқаптықтар енді «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде қала әкіміне арызданбақ.


ПІКІР ЖАЗУ