БЖЗҚ: Адам қайтыс болса, ақшаны кім алады?

Зейнетақы қорында жиналған қаржы – әрбір азаматтың жеке меншігі. Ал иесі қайтыс болған жағдайда бұл жинақ қалай беріледі, кім мұрагер бола алады – көпшілікті алаңдататын өзекті мәселе. Осы сұрақ төңірегінде BAQ.KZ редакциясы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) ресми сауал жолдаған болатын.
Ресми сауалда: «Адам қайтыс болған жағдайда оның зейнетақы қорындағы жинағын мұрагерлері, мәселен, балалары иелене ала ма? Бұл қалай жүргізіледі? Жиналған соманың барлығы беріле ме?» деген сұрақ қойылды.
Зейнетақы жинақтары – жеке меншік
БЖЗҚ-ның мәліметіне сүйенсек, зейнетақы жинақтары – БЖЗҚ-да шоты ашылған жеке тұлғаның меншігі болып саналады. Тиісінше, бұл жинақтар мұраға беріледі.
Жерлеуге арналған біржолғы төлем
Мұрагерлік құқық күшіне енгенге дейін қайтыс болған адамның отбасы мүшелеріне жерлеуге арналған біржолғы төлем жүргізіледі. Ол міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебінен төленеді.
Төлемнің мөлшері республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген 94 еселенген айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс. Сондай-ақ қайтыс болған адамның шотындағы қаражаттан артық болмауы қажет. Егер төлем жасалғаннан кейін шоттағы қалдық сол заңда белгіленген ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аспаса, ол қалдық та жерлеуге арналған төлеммен бірге отбасы мүшелеріне беріледі, — деп атап өтті БЖЗҚ.
Мұраға қалдыру тәртібі
Жерлеуге арналған біржолғы төлемнен кейін шоттағы қалған жинақ сомасы заңнамада белгіленген тәртіппен мұраға беріледі. ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес мұраға қалдырылған зейнетақыны алу үшін мұра ашылған жер бойынша нотариусқа немесе заңмен уәкілетті тұлғаға өтініш берілуі тиіс. Өтініш мұра ашылған күннен бастап алты ай ішінде, яғни марқұм қайтыс болған күннен бастап алты ай ішінде жасалуы қажет.
«Е-нотариат» жүйесі
Жинақтарды мұраға қалдыру рәсімін жеңілдету үшін ҚР Әділет министрлігі, Республикалық нотариаттық палата және БЖЗҚ арасында өзара іс-қимылды оңтайландыру туралы шарт жасалған. Соның негізінде «Е-нотариат» бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйесі мен БЖЗҚ ақпараттық жүйесі өзара байланыстырылды.
2019 жылғы ақпаннан бастап нотариустар БНАЖ-да тіркелген мұрагерлік іс бойынша БЖЗҚ-ға онлайн сұрау жолдап, қайтыс болған адамның шотындағы ақша қалдықтары мен қозғалысы туралы деректерді тікелей ала алады. Бұл мұраға құқық туралы куәлікті рәсімдеуді едәуір жеңілдетті.
Құжаттарды тапсыру
Мұрагер мұрагерлік құқығы туралы куәлікті алғаннан кейін БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне қажетті құжаттар пакетін тапсырады.
Құжаттарды:
- жеке өтінішпен,
- сенім білдірілген тұлға арқылы,
- немесе пошта арқылы беруге болады.
Егер құжаттар шетелде жасалған болса, онда олар мемлекеттік не орыс тіліне аударылып, қажет болған жағдайда нотариалды куәландырылып әрі заңдастырылуы тиіс. Бұл талап Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көрсетілмеген жағдайларды қоспағанда қолданылады.
Сондай-ақ егер төлем алушы немесе мұрагер шетелдік азамат болса, ол БЖЗҚ-ға жеке басын куәландыратын шетелдік паспортының мемлекеттік не орыс тіліне аударылған, қажет болса нотариатпен куәландырылған және заңдастырылған нұсқасын ұсынуы қажет.
Төлемдерді жүзеге асыру
Қажетті құжаттар топтамасы ұсынылғаннан кейін БЖЗҚ заңнамада белгіленген мерзімде зейнетақы жинағынан төлемдерді жүзеге асырады.
Қайтыс болуына байланысты (жерлеуге немесе мұрагерлерге) төлем тағайындау үшін қажетті құжаттардың толық тізімі қордың ресми сайтында орналастырылған. Сондай-ақ рәсімнің тәртібі мен ережелері БЖЗҚ-ның YouTube арнасында да жарияланған.